Қазақстан халқы тілдері күніне арналған Тілдер апталығы аясында Шымкент қаласы Полиция департаментінде «Мемлекеттік тіл – ұлттың рухани тірегі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Құқық қорғаушылар мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасын атап өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, қызметкерлер арасында патриотизмді және рухани бірлікті нығайту, сондай-ақ тілді ұлттың мәдени коды, бірегейлігінің негізі ретінде тану.
Дөңгелек үстел жұмысына департаменттің түрлі бөлімшелерінен келген қызметкерлер қатысып, іс-шара пікір алмасу форматында өтті. Қатысушылар өз ой-пікірлерін ашық білдіріп, тілдің қоғамдағы, әсіресе құқық қорғау саласындағы маңызы жөнінде келелі әңгіме өрбітті.
Кездесу барысында тілдің: ұлттық болмысты сақтаудағы рөлі, ұрпақтар сабақтастығындағы маңызы, мәдени мұра ретінде қазақ тілінің орны, жаһандану кезеңіндегі қазақ тілінің дамуы мен қолданылу аясын кеңейту мәселелері кеңінен талқыланды.
Іс-шара барысында мемлекеттік тілді тек құжат айналымында ғана емес, күнделікті қызметте және азаматтармен қарым-қатынаста белсенді қолдану қажеттілігі атап өтілді. Сондай-ақ, қатысушылар қазақ тілінің беделін арттыру үшін әрбір қызметкер алдымен өзінен бастауы тиіс деген ортақ пікірге келді.
Дөңгелек үстел соңында қатысушылар Тілдер апталығы аясындағы бұл шараның маңыздылығын атап өтіп, осындай ашық форматтағы кездесулердің жиі ұйымдастырылуы мемлекеттік тілдің дамуына оң ықпал ететінін жеткізді. Дөңгелек үстелдің қорытындысы ретінде қатысушылар тілге қатысты мәселелерді шешу үшін қоғамның барлық салаларын жұмылдырып, ортақ мүдде аясында бірлескен іс-шараларды жүзеге асыру қажеттілігіне тоқталды.