Шымкент қаласы Әділет департаменті басшысының орынбасары Р.С. Досанованың төрағалық етуімен мемлекеттік қызмет көрсету саласында өзекті мәселелерді талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараны Департаменттің коммерциялық емес ұйымдарды тіркеу және тіркеу қызметі саласындағы бақылау бөлімі ұйымдастырды. Дөңгелек үстел жұмысына «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ Шымкент қаласы филиалының қызметкерлері, Мемлекеттік кірістер басқармасының, Ұлттық статистика бюросының Шымкент қаласы бойынша департаментінің өкілдері, сондай-ақ жеке нотариустар қатысты.
Жиын барысында мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде туындайтын мәселелер, атап айтқанда, азаматтардың құқықтарының сақталуы, құжаттарды қабылдаудан бас тарту себептері, құжаттардың сапасы, қызмет алушылар тарапынан жиі кездесетін қателіктер, сондай-ақ ведомствоаралық өзара іс-қимыл деңгейі кеңінен талқыланды.
Р.С. Досанова өз сөзінде: «Мемлекеттік қызметтердің сапалы әрі уақтылы көрсетілуі – азаматтардың мемлекеттің тиімділігіне деген сенімінің негізі. Сондықтан да біз қызмет көрсетудегі кедергілер мен бас тарту себептерін жою үшін барлық мүдделі органдармен бірлесіп жұмыс жүргізіп келеміз», – деп атап өтті.
Қатысушылар практикалық тәжірибелерімен бөлісіп, нақты мысалдар келтіріп, алдағы уақытта мұндай жағдайлардың алдын алу үшін қандай шаралар қабылдау қажеттігін ортаға салды. Сондай-ақ, қызмет көрсетуші мекемелердің өзара ақпарат алмасуын жетілдіру және құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейту ұсынылды. Дөңгелек үстелге қатысушылар бірлескен іс-қимылдың маңыздылығын атап өтіп, азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған ұсынымдар қабылдады.
Ic-шара барысында ресми құжаттарға апостиль қоюдың, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеудің, заңды тұлғаларды тіркеудің сапасын жақсартып, қызмет алушылардың наразылығын болдырмау мәселелері аталып өтті.
Сондай-ақ, электронды қызметтердің санын арттыруға ерекше назар аударылды.