Шымкентте «Қауіпсіз жол» іс-шарасы өтуде

фото ШПД

 

Шымкент қаласында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Бұл бастама 30 қыркүйекке дейін жалғасады.

Аталған іс-шара аясында полиция қызметкерлері қала көшелерінде күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп, көлік жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін сақтауын қатаң бақылауға алған. Сонымен қатар, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары да белсенді жүргізілуде.

Іс-шараның басты мақсаты — жол-көлік оқиғаларының санын азайту, ереже бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және заңсыз жолаушылар тасымалына тосқауыл қою. Рейд барысында жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізушілерге қатысты тиісті әкімшілік шаралар қолданылады.

Арнайы рейд жүргізілетіндігі туралы алдын ала хабарланса да тәртіпке мойынсұнушылардың қатары көп дей алмайсыз. Рейд барысында көбіне жүргізушілер қауіпсіздік белгілерін тақпау, жарықшамдарды жақпау, терезені күңгірттеу сынды кемшіліктер анықталды. Жүргізушілердің басым бөлігі аталған мәселеге немқұрайлы қарайтындын жасырмағандар да көп. Дегенмен тәртіп сақшылары жүргізушілерге жол ережелері тәртібіне бағынуға шақырды.

Полиция департаментінің мәліметінше, мұндай шаралар жолда қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және қатысушылардың жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді. Құқық қорғау органдары қала тұрғындарын және қонақтарын жолда мұқият болуға, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, сондай-ақ өз өмірі мен өзгенің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар жалғасын табатын болады.