Шымкентте «Түнгі кітапхана» жобасы аясында қазақтың ұлы ақыны, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған «Желсіз түнде жарық ай…» атты поэтикалық кеш ұйымдастырылды. Шараны Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасы өткізді.
Аталған жобаның негізі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарды кітап оқуға ынталандыру мақсатында түнгі кітапхана жұмысын жолға қою туралы бастамасымен қаланды. Алғаш рет Алматыда іске қосылған бұл формат бүгінде еліміздің түрлі өңірлерінде, соның ішінде Шымкентте де сәтті жүзеге асуда.
Мәдени кешке зиялы қауым өкілдері, абайтанушы ғалымдар, шығармашыл жастар мен қала тұрғындары қатысты. Кеш барысында абайтанушылар ақын мұрасының рухани-танымдық мәні жөнінде тың ойларымен бөлісіп, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры әртістері «Абай ауылы» атты театрландырылған музыкалық қойылымды сахналады.
Сонымен қатар, жас ақындар мен өнерпаздар Абай шығармаларынан өлең оқып, ән-күйден шашу шашты. Кеш аясында «Абай әлемі» республикалық байқауы мен «Жеті қазына» фестивалінің жеңімпаздары өнер көрсетті. «Алтын орта» әдеби клубының мүшелері сахналық көрініс ұсынып, Абай әлемінен сыр шертті. Көрермен назарына арнайы кітап көрмесі мен әдеби инсталляциялар ұсынылды.
Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқарма басшысының орынбасары Мөлдір Оңдасынова өз сөзінде аталған жобаның маңыздылығына тоқталып, бұл бастама жастарды әдебиетке, өнерге және ұлттық руханиятқа баулуға бағытталғанын атап өтті.
— «Түнгі кітапхана – жастарды әдебиетке, өнерге, руханиятқа жақындататын жаңа формат. Абай мұрасын дәріптеу арқылы біз ұрпақ санасына ұлттық құндылықтарды сіңіруді көздейміз», – деді ол.
Айта кетейік, түнгі қала төрінде өткен мәдени шараға 60-тан астам көрермен қатысып, поэзия мен өнердің рухани қуатын сезінді.