Туған әкесін соққыға жыққан асаба 12 жылға сотталуы мүмкін

Егде жастағы қарияны соққыға жығып, аузы-мұрнын қан-жоса еткен асаба 12 жылға сотталуы мүмкін. Оның әйеліне қатысты да ҚР Қылмыстық кодексінің «Ұрып-соғу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Енді олар, қарияға көрсеткен әлімжеттігі үшін заң алдында жауап бермек.

Әлеуметтік желіде әкесін аяусыз ұрып-соғып, қан-жоса еткен азаматтың ісі бойынша денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды. Ал оның жанындағы әйелге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл туралы Түркістан облыстық полиция департаменті хабарлады.

Қарт адамның қайтыс болу фактісі бойынша Түркістан облысы ПД Шардара ауданының полиция бөлімімен ҚР ҚК-нің «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір ол сот санкциясымен қамауда отыр.
Сонымен қатар әйеліне қатысты ҚР ҚК-нің «Ұрып-соғу» бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды.

Қазіргі кезде оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысында қылмыстық процеске қатысушылардың әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады. Естеріңізге сала кетейік, жаға ұстатарлық жағдай, Шардара ауданы, Қоссейіт ауылында орын алған. Ер адам, орнынан әзер қозғалған әлсіз зейнеткерді аула ішінде сүйрелеп, әбден ұрып — соққан еді.

Кейіннен таяқтың астында қалған қария қайтыс болған. Бұл туралы жергілікті әкімдіктің мамандары растаған болатын. Айта кетейік, Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Ал осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, абайсызда жәбiрленушiнiң өліміне әкеп соққан не қылмыстық топ жасаған іс-әрекеттерге, мүлкi тәркiленіп немесе онсыз, сегіз жылдан он екі жылға дейiнгі мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Нұргүл Жолымбетова