АҚШ-тың жетекші зерттеу университеттерінің бірі — University of Utah
(U of U) 2025 жылдың 12-14 қыркүйегі аралығында Шымкентте өтетін Global
Tech Wave Central Asia халықаралық технологиялық форумына өкілін
жіберетінін растады. Сапардың негізгі мақсаты Қазақстан үкіметімен және
Шымкент қаласының әкімдігімен стратегиялық серіктестік және Орталық
Азиядағы University of Utah алғашқы кампусын ашу туралы келіссөздер
жүргізу болмақ.
Америкалық делегацияның сапары Шымкенттің аймақтағы
технологиялық және білім беру хабы ретінде рөлінің артып келе жатқанын
көрсетеді. University of Utah басшылығы Орталық Азияның қарқынды дамып
келе жатқан экономикасының қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында
инженерлік, компьютерлік ғылымдар, бизнес және денсаулық сақтау
салаларында жоғары білікті мамандарды даярлайтын толыққанды филиал
ашуға терең қызығушылық танытады.
Шымкентте кампус құру жобасы заманауи оқу қалашығын, соның
ішінде озық зертханалар, ғылыми орталықтар мен инновациялық
инфрақұрылым салуды көздейді. Филиалдың ашылуы қазақстандық жастарға
әлемдік деңгейдегі америкалық білім алуға мүмкіндік беріп қана қоймай,
сонымен қатар жергілікті стартаптар экожүйесін дамытуға және аймаққа
халықаралық инвестициялар тартуға серпін береді деп күтілуде.
«Юта университеті Қазақстанмен, әсіресе Шымкент қаласымен
ынтымақтастық перспективаларына үлкен қызығушылықпен қарайды. Бұл
біздің еліміз үшін жіберіп алуға болмайтын үлкен мүмкіндік. University of
Utah сияқты беделді оқу орны делегациясының біздің форумға келуі маңызды
оқиға. Бұл Шымкент пен жалпы Орталық Азияның білім және технология
саласындағы жаһандық көшбасшылар назарында екенін растайды», — деді
жүргізілген келіссөздер қорытындысы бойынша Global Tech Wave Central
Asia форумының жетекшісі Қымбат Нұртаева.
University of Utah туралы:
1850 жылы негізі қаланған University of Utah Юта штатының
флагмандық жоғары оқу орны болып табылады және беделді Америкалық
университеттер қауымдастығына (AAU) кіреді. Университет R1 — «Зерттеу
белсенділігі өте жоғары докторантуралық университет» мәртебесіне ие, бұл
оның ғылыми қызметінің жоғары деңгейін көрсетеді. Бүгінгі таңда
университетте жиырма екі Родс стипендиаты, Нобель сыйлығының төрт
лауреаты, Тьюринг сыйлығының үш лауреаты, Пулитцер сыйлығының
әртүрлі лауреаттары және тағы басқа көптеген атақты түлектер бар.
Оның
түлектерінің арасында Adobe және Pixar сияқты технологиялық
алпауыттардың негізін қалаушылар да бар. Университеттің халықаралық
экспансияда табысты тәжірибесі бар, оның ішінде Оңтүстік Кореядағы
кампусын (University of Utah Asia Campus) атап өтуге болады.
Global Tech Wave Central Asia туралы:
Global Tech Wave Central Asia — Шымкентте өтетін аймақтың
технологиялық және бизнес қауымдастығын біріктіруге арналған маңызды
технологиялық іс-шара. 2025 жылдың 12-14 қыркүйегі аралығында өтетін
форум технология әлеміндегі соңғы трендтерді талқылайтын, инвестиция
тартуға және Орталық Азиядағы инновациялық экожүйені дамытуға
мүмкіндік беретін алаң болады.