Жаңа буын есімдері: Балаңыздың есімін кім деп қояр едіңіз?

Шымкентте жаңа туған балаларға ең жиі қойылатын есімдер белгілі болды. Мамандар, соңғы уақытта ата-аналардың шығыстық, арабша әуезді атауларға қызығушылығы артқанын айтады. Дегенмен дәстүрлі қазақ есімдеріне деген сұраныс та сақталып отыр. Ал шымкенттіктер ше? Мегаполис тұрғындарын қызықтырған есімдер туралы сюжеттен көріңіз.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкент қалалық филиалы қалада дүниеге келген сәбилерге қойылатын ең танымал есімдер туралы мәліметті жариялады. Ақпарат бойынша қыздарға – Маруа, Хадия, Айсафи, ал ұлдарға – Омар, Әбу Бәкір, Ибрахим есімдері танымал екен.

Сонымен қатар қазақы дәстүрлі есімдер де өз маңызын жоғалтпай келеді. Қыздар арасында – Көркем, Аяулым, Айкөркем, ал ұлдар арасында – Ертұлға, Әміре, Дарын есімдері жиі кездеседі.

Мамандардың айтуынша, есім таңдау сәнге, діни көзқарасқа және қоғамдағы өзгерістерге байланысты. Ономастика саласының сарапшысы соңғы жылдары қазақстандықтар арасында араб тілінен шыққан есімдер кең тарай бастады. Кеңес үкіметі кезінде мұндай есімдер өте сирек қолданылатын еді дейді.

Қайыр Рысбаев, Әлеуметтанушы: «Соңғы жылы ең танымал ұл есімдері – Мұхаммед, Айсұлтан, Әлихан. Сондай-ақ Омар, Осман сияқты араб тілінен енген немесе ислам дінінің қайраткерлеріне, Мұхаммедтің отбасы мүшелерінің аттарына ұқсас есімдер жиі қойылып жүр. Қыздар арасында да Айлин, Медина сияқты қазаққа тән емес, шетелдік есімдер көптеп таралуда».

Әрі маман есімдердің өзгеруі адамдардың тектеріне де әсер етті. Тәуелсіздік алғаннан кейін көпшілік орысша «-ов» сияқты жұрнақтарды алып тастап, фамилияларын қазақшалай бастады. Бұл кейде шатастыруға да әкеледі: есім мен фамилияны ажырату қиынға соғады немесе баланың жынысын анықтау күрделене түседі дейді.

Қайыр Рысбаев, Әлеуметтанушы: Қазір кей қазақстандықтар баласының тегін әкесінен емес, атасының атымен береді. Соның кесірінен әр буынның фамилиясы өзгеріп кетеді. Бұрын фамилия әулеттен әулетке бірдей болып, сақталып келетін болса, енді әр балада әртүрлі тегі пайда болады. Бұл дәстүрге ұқсаса да, құжат жүргізуде, адамдарды анықтауда шатастыруы мүмкін».

Туу туралы куәлікті рәсімдеуді қазір онлайн түрде де жасауға болады. 2025 жылдың басынан бері Шымкентте 20 мыңнан астам нәрестеге туу туралы куәлік берілген.

Ботакөз Әнуар