Шымкент зообағында тамаша жаңалық! Саябақтағы Үнді жайрасы төлдеп, жануарлар қатары толықты. Келер жылы хайуанаттар бағына тағы да жаңа тіршілік иелері қосылмақ. Алдағы сюжетте осы жайлы толығырақ айтамыз.
Шымкент зообағындағы жануарлар әлемі тағы бір ерекше төлмен толықты. Мұнда Үнді жайрасы өмірге келді. Туғанына көп болмаған кішкентай жайра өте ширақ, тіпті оны камераға түсіру оңайға соқпады. Қызметкерлер бұл тіршілік иесін Лаки деп атапты. Қылт-қылт басқан қадамдары мен сүйкімді қимылдары арқылы Лаки қазірдің өзінде келушілердің көзайымына айналып үлгерген.
НҰРЖАН МАРАТҰЛЫ, ШЫМКЕНТ ЗООБАҒЫНЫҢ БИОЛОГ-ЭКСКУРСОЛОГЫ: «30 қазан күні Үнді жайрасының баласы туылды. Баланың атын Лаки деп қойдық. Салмағы жобамен 300 гр тең болды. Қазіргі таңда баланың жағдайы жақсы. Ана сүтімен коректенуде. Бұлар 2-3 айға дейін ана сүтімен қоректенеді. Яғни, лактозалы мезгіл болады. Қазіргі таңда жайраның төліне біздің ветиринарлар және биолог мамандар күнделікті қадағалау, бақылау жұмыстарын жүргізуде»
Қарапайым көрінгенімен, жайра – табиғаттың ерекше жаратылысы. Денесін қаптаған қалқаны бір қарағанда қауіпті көрінгенмен, жайралар өте жуас, өздігінен шабуыл жасамайды. Тек қауіп төнгенде ғана инелерін дыбыстатып, қарсыласын қорқытады. Алайда қатты шошынған немесе ашуланған кезінде тікенін жан-жағына атқылап жіберуі мүмкін екен.
НҰРЖАН МАРАТҰЛЫ, ШЫМКЕНТ ЗООБАҒЫНЫҢ БИОЛОГ-ЭКСКУРСОЛОГЫ: «Қауіп-қатер төнген жағдайда, мысалы кез-келген табиғат аясындағы жағдайды алатын болсаңыздар, оларға неше түрлі жабайы аңдар шабуыл жасайды ғой. Сол кезде қорғанатын кезде олардың тікендері жобамен 3 см дейін қадалады. Өте үлкен қысыммен атылады. Бізде күнделікті төлдермен жұмыс істейтін жұмысшыларымыз азығын беріп, қоректендіреді. Сол себепті ондай оқыс оқиғалар бізде орын алған жоқ осы уақытқа дейін»
Бүгінде зообақта 303 түрлі жануар бар. Қазір мамандар олардың қатарын әрі қарай көбейту үшін дайындық жүргізіп жатыр екен. Келесі жылы келушілерді бизон, африкалық кан және түрлі приматтар қарсы алмақ.
БАҒДАТ ӘМЗЕБЕКҰЛЫ, ШЫМКЕНТ ЗООБАҒЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ: «Қазіргі таңда зоосаябақта 303 жануардың түрінен 3438 жануар басы бар. Келесі жылы осы 303 түрді 305-тен асыру бойынша жұмыстар жүргізудеміз. Қазіргі уақытта. Нақты жоспар бойынша үлкен қауымдастықтармен жұмыс жасаймыз тікелей. Ол Еуропадағы, Еура азиялық және орта азиялық ұйымдарға мүшеміз. Соларды пайдалана отырып келесі жылы зообақты жаңа түрлермен толтыру мақсатта бар»
Жалпы Шымкент зообағында келушілерге ыңғайлы жағдай жасалып жатыр. Келер жылы бірнеше объект жөнделіп, жаңа декоративті нысандар қосылады екен. Бұл жануарлар мен қонақтарға бірдей қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді дейді жауаптылар.
Лаура Бабас

