Қала әкімі мүлік иелерінің бірлестігін құру бойынша тапсырма берді

93

Қала әкімдігінде өткен мәжілісте мүлік иелерінің бірлестіктерін құру мәселесі талқыланды.

Өйткені, келер жылдың 1-ші шілдесінен пәтер иелері кооперативтері жұмысын тоқтатады. Олардың орнына мүлік иелерінің бірлестіктері пайда болады. Көпқабатты баспананы басқарудың жаңаша жүйесі “Бір үй – бір бірлестік – бір есепшот” принципіне негізделген.

Жүйе бойынша үйдің жөнделуіне тұрғындар жауапты болады. Қалалық түрғын үй басқармасының мәліметі бойынша Шымкентте коммуналдық меншіктегі 127 үйдің 62-і кондоминиум нысаны ретінде тіркелген. Қазіргі таңда басқарма, аудан әкімдігінің мамандары көпқабатты үйлердің тұрғындарымен кездесу өткізіп, жаңа жүйе туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Желтоқсан көшесіндегі және «Нұрсәт» шағынауданындағы тұрғын үйлердің төрағаларымен мүлік иелерінің басқармасын құру бойынша хаттамалар дайындалып, қол жинау тапсырылыпты.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Мүлік иелері басқармасы жүйесін халық арасында кеңінен  насихаттау керек».

Айта кететін жәйт, мүлік иелері бірлестігін /МИБ/ құру үшін 4 құжат керек. Олар: мүлік иелері бірлестігі атынан өтініш, жиналыс хаттамасы, мүлік иелері бірлестігінің үлгілік жарғысы және бірлестіктің тіркелуіне 1 АЕК көрсеткіш көлемінде ақы төлеу туралы түбіртек.

Шынар Оразова