Тұмауға қарсы екпе басталады

22
Фото "Шымкент келбеті"

Қаламызда 15 қыркүйектен бастап тұмауға қарсы тәуекел топтарға тегін екпе егу басталады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Тұмау мен ЖРВИ-дің алдын алу: вакцинация және дәрігерлердің ұсыныстары» тақырыбында өткен брифингте айтылды.

2024 жылы 150 000 адамға тұмауға қарсы иммундау жоспарланған, бұл жалпы халықтың 12,0 — 12,5 пайызын құрайды. Ал тәуекел топ деп, медицина қызметкерлерін, өмірдің алты айынан асқан жиі ауыратын балалар, білім беру ұйымдарының, балалар үйлерінің балалары, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметтерін алушылар, жүрек-қантамыр жүйесінің, тыныс алу органдарының созылмалы аурулары бар науқастар.

«2024 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен тәуекел тобындағы адамдарды вакцинациялау үшін «Гриппол Плюс» үшвалентті тұмауға қарсы вакцина, 150 мың доза Ресей мемлекетінде өндірілген «Петровакс Фармның» үшвалентті инактивацияланған вакцина сатып алынды. Қазіргі уақытта вакцина Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының қоймасына келіп түсті, Қаланың медициналық ұйымдарына таратылып жатыр. Бұл науқанға толық дайынбыз деп айта аламыз», – дейді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Дүйсенбаева.

Вакцинаны 6 айлық балаларда, жүкті әйелдерде жүктіліктің 2-3 триместрінде, ересектерде жас шектеусіз қолдануға рұқсат етіледі. Тұмауға қарсы Вакцинация тұрғылықты жері немесе тіркелген жері бойынша емханалардың егу кабинеттерінде жүргізіледі. Мамандардың сөзінше соңғы айларда коронавирусты инфекцияның өсуі байқалады. Атап айтқанда, 8 айында COVID-19 инфекциясымен 74 жағдай тіркелді. Оның ішінде симптоммен – 74, симптомсыз – 0. 14 жасқа дейінгі балалар арасында 16 жағдай.

«Барлығы 74 коронавирус инфекциясының ошағы анықталған, оның ішінде 8-і ұйымдасқан ұжымдарда тіркелген. Ауру анықталған барлық тіркелген үй ошақтары мен ұйымдастырылған ұжымдарда індетке қарсы іс шаралар жүргізіліп, қарым-қатынастағылар анықталып, «COVID-19»-ға медициналық бақылауға алынған, олардың арасында ауырғандар тіркелген жоқ», – деді Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшы орынбасары Айгүл Тұрымбетова.

Дегенмен ЖРВИ/тұмаумен сырқаттанушылықтың эпидемиологиялық ахуалы қалада тұрақты. «2024 жылдың 8 айында өткен жылдың салыстырмалы кезеңімен ЖРВИ аурушаңдығының 14,15%-ға төмендегені байқалған, тұмау 1,66 есеге жоғарылаған» дейді мамандар.