«Қырғы базардағы» ненің еті?

«Ет дегенде бет бар ма?» Жылқы жылының соңы мен қой жылының басында етке қатысты екі бірдей дау шықты. Шымкенттегі тауар бағасы арзан базарлардың бірегейі саналатын «Қырғы базардағы» ет саудалаушылардың қатысуымен өрбіген өткен жылғы дау-дамай ірі қара етіне байланысты туындаса, екіншісі жылқы етіне қатысты болды.

3-015

Екі жағдайда да саудагерлердің көтерілуіне базар басшылығының шешімі себеп. Басшылық базар аумағына тек арнайы рұқсаты бар мамандандырылған мал сою бекетінде сойылған, шығу тегі мәлім, сертификатталған, мөрленген етті кіргізу бойынша шешім қабылдаған. Ет өндіретін ірі жеткізуші ретінде «АДС агро» ЖШС таңдалған.

Жылқы етіне қатысты айқай-шу «АДС агро» ЖШС-нің ет тиеген жүк көлігін базарға кіргізбей қою әрекетімен басталды. Ашынған саудагерлердің айтары: базарға әкелінетін еттің сапасы төмен, бағасы жоғары, сапасыз еттің себебінен тұтынушы жоғалтамыз, қымбат бағада келетіндіктен көтерме бағаның үстіне қоятын тиын-тебеннің нәтижесінде баға тіпті шарықтап кетеді, алушы азаяды, зиян шегіп жатырмыз дегенге саяды.

3-014

Гуля Белгібаева, жылқы етін сатушы:

– Бізге жылқы етін 1250 теңгеден өткізеді. Ішек-қарын, өкпе-бауырларын да таразыға тартып бермекші. Ал, біз оны таразыға тартып алған емеспіз. Олар бізге килограмына 100 теңге қойып сатасыңдар деп айтады. 

3-010

Орынкүл Қойшиева, жылқы етін сатушы:

– Әкелген еттерін шапқан кезде іші қанталап шығады. Бұл біз сататын ет емес. Бұл арзан малдың еті. Шындап келгенде, шұжық жасауға арналған ет.

3-012

Жандарбек Қыстаубаев, сиыр етін сатушы:

– Мен сиыр етін сатамын. Өкпе, бауыр, жүрек, басты 5,5 мың теңгеден алып жатырмыз. Тері жоқ. Ішмайды 150 теңгеден, тұяқты жүз теңгеден аламыз. Сайрамдағы ет өндірушілер бізге етті 950-1000 теңгеден сатады. Ал, бұлар болса бізге етті 1040 теңгеден әкеледі. Сондықтан да бағаны түсіре алмаймыз. Мысалы, 236 кг ет алдым. Екі күн саттым. 7200 теңгеге зиян шектім. Өйткені, бізге бүйрек майы еттің бағасымен бірдей сан етінің ішінде келеді. Сан етімен бірге тартылады. Ал, біз бүйрек майын келісіне 200 теңгеден сатамыз. Бірақ, ол бізге еттің бағасымен бірдей 1040 теңгеден келген. 

Базар басшылығының сөзінше, мұндай шешім қабылдауға бірнеше жайт түрткі. Ұрлықы ірі қара, жылқы малдарының еттері басқа базарларға кіргізіліп жатқан жағдайлар кездескен. Сондықтан да ет өндіруші белгілі бір компаниямен келісімшарт жасалған. Алайда, басқа жеткізушілердің еттері кіргізілмейді деген талап жоқ. Мамандандырылған мал сою бекеттерінде сойылған сертификатталған ет болса, кіргізуіне тыйым салынбайды. Малды үйде сойып, басқа мамандандырылған мал сою бекеттерінен рұқсатнама сатып алып, зертханалардан мөр бастырып әкеліп жатады. Ұрлықы, ауру малдың еті болмаса, арнайы мал сою бекеттерінде барлық талаптары сақталып сойылса, құжаттары түгел болса, оған тосқауыл қойылмайды. Жеке қорасындағы малының етін базарға өткізбек болғандар малдарын мамандандырылған мал сою бекеттерінде союы керек. Ол үшін агрокомпаниялармен келісім жасап, ірі қарасын, не жылқысын сонда 10 күнге карантинге қояды. 10 күн ішінде ветеринарлық сараптама алынып, жарайтын болса, содан кейін барып сойылуы тиіс. Талап осындай екендігін айтады.

3-011

Базар басшылығымен ет жеткізу бойынша келісімге отырып, мұнымен қоса саудагерлердің қарсылығына ұшыраған «АДС агро» ЖШС-іне қарасты мал бордақылау кешені мен мамандандырылған мал сою бекеті Төлеби ауданы, Қазақстан ауылында орналасқан. Мал бордақылау кешенінің құрылысы төрт жыл бұрын басталған. 2013 жылы «ҚазАгроФинанс» АҚ-нан 214 млн теңге несие берілсе, өткен жылы мұндағы мал саны 1,5 мың басты құрапты. Биыл мұнда бордақыланатын мал санын 3 мың басқа жеткізу межеленген. Ірі қарадан бұқа ғана бордақыланады. Бұқаны бір жерден алу мүмкін болмағандықтан Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстарынан, Ресей Федерациясынан да әкелінеді. Бұқаларды сатып алған орнында 30 күн карантинде ұстайды. Әр малға ветеринарлық анықтама алынады. Мұнда жеткізілген соң тағы 10-15 күн карантинге қойылады. Одан кейін ғана барып бордақыланатын малдың қатарына жіберіледі. Өйткені, бастапқыда әкелінген малды қораға бірден кіргізу себепті, кеселі бар малдардан ауру тарап, барлық мал қырылып қалған жағдайлар болған. Кешендегі ірі қара алты ай, жылқы малы да семірту түріне қарай әр түрлі мерзімге бордақыланады. Айына 150 тоннаға дейін ірі қара етін, 60 тоннаға дейін жылқы етін өткізеді. Мал сою бекеті ашылғалы бері жұртшылықтың қолындағы малды да алып, сояды. Аймақтағы мал бордақылайтын кейбір азаматтар соятын малдарын осында әкеліп сойғызып жатады. Осыған байланысты биыл Алматыға 200 тоннаға дейін ірі қара етін, 100 тонна жылқы етін жөнелту жоспарланып отыр. Әзірге тек «Қырғы базарына» ғана ет жеткізсе, алдағы уақытта Шымкент қаласындағы басқа да ірі базарларға ет шығармақ.

3-017

Серік Ұзақбаев, «Базар» АҚ құрылтайшысы:

– Жалпы, жылқы етін саудалаумен айналысатын бір топ адамдар бар. Мен солардың жолға қойылған бизнесін бұзып жатырмын. Олар ұрлықы мал, өлген мал, ауру малдың еттерін алып келіп, көтерме түрде базарға кіргізіп жібереді. Мен мұның бәріне тыйым салдым. Мұндай факті бар болған соң, осындай шешім қабылдадым. Осылайша, солардың мүдделеріне қарсы шығып жатқан көрінеміз. Саудагерлердің арасына іріткі салып, халықты көтеріп жатқан солар. Ал, біздер тек заңның талабына сай әрекет еткіміз келеді. 

«АДС агро» ЖШС-іне келсек, ол біздің базарға енеді. Қайсысының еті сапалы, бағасы төмен болса, соның еті өтеді. Бағаны тұрақты ұстап тұрамыз. Қай агрокомпанияның ет бағасы төмен болса, халық соның етін алады. Шынайы бәсекелестік керек. «АДС агро» компаниясының әкелген еті ұнамаса, оны сатып алыңдар деп күштемейміз. Компания өз еттерін базар ішінен орын алып, сонда қойып сатады. Орын барлығына да жетеді. 

Біздегі баға басқа базарлардағы еттің құнынан 50-100 теңге арзан болады. Мұндағы еттің бағасы өзге базарлардағы бағадан жоғары болып көрген емес. Біздің «АДС агро» ЖШС-мен келісім бойынша, олар ет бағасын бізге 150-200 теңге төмен әкеледі. 

Ет өндіруші тарап базардағы саудагерлердің өздерінің осы кешенге келіп, таңдаған малын сойғызып, етін базарға алып кетуге болатындығын да айтып өтті. Еттің бағасы базардағы таңдауға қарай 2-3 түрге бөлінеді. Еттің майы аппақ болса онда 1200 теңгеден, егер майының түсі сарғыш тартса, 1100 теңгеден сатылады. Арық малдың еті 1000 теңгеден босатылады. Етті базарға алып барғанда, сол еттің майының түсіне қарай баға қойылады.

Ал, «Қырғы базардағы» дау-дамайға қатысты «АДС агро» ЖШС-нің өз жауабы дайын.

3-013

Данияр Ақтаев, «АДС агро» ЖШС құрылтайшысы: 

– Ол кісілер біздің нарыққа кіргенімізді қаламай отыр. Өйткені, арада алыпсатарлар бар. Алыпсатарлар біз сияқты мал бордақылайтын адамдардан етті алып, оны базарға сатып, ортасында пайда көріп жүр. Біздің мақсатымыз – сондай алыпсатарларды шет қалдырып, өзіміз тікелей базарға ет сату. Сонда еттің бағасы да, сапасы да бақылауда болады. Ал, біздің мал бордақылау кешеніміз, арнайы мамандандырылған мал сою бекетіміз бар. Егер біздегі ет сапасыз болса, мал союға қажетті жағдай жасалмаса, онда баяғыда жабылып қалған болар едік.

Компания басшысы Ақтаев Данияр мұндағы мал етінің бағасы жеке мал бордақылаушылардың сататын бағасынан төмен екендігін, әр өткізілген еттің килограммына мемлекеттен 170 теңге субсидия берілетінін, сондықтан да етті қымбат сатып өткізе алмағаннан, бағасын төмендетіп өткізген тиімді екендігін айтады.

Мінеки, базар қызметін ұсынып қана қоймай, сонымен қатар жеткізілетін етті де бақылауда ұстауды қолға алған «Базар» АҚ, ет сатумен айналысатын сау- дагерлер және ет өндіруші «АДС агро» ЖШС арасындағы екінші рет қайталанып отырған келіспеушіліктердің шығу төркіні осы.

3-016

Қай тарапты алып қарасаңыз да өздерінің айтарлары бар. Ал, сіз құрметті тұтынушы, қай базардан ет сатып алатыныңыз, ондағы еттің сапасы жөнінде газетіміздің kz.otyrar.kz сайтына кіріп пікір қалдыруыңызға, редакциямызға хабарласып, ой бөлісуіңізге болады.

Жәнібек НҰРЫШ