Оңтүстікте биыл 6 индустриалды аймақ ашылады

828

Оңтүстік Қазақстанда 19 индустриалды аймақ құрылуда. Бүгінде оның төртеуі Шымкентте іске асса, жалпы көлемі 153 га құрайтын 2 индустриалды аймақ Түркістан қаласы мен Созақ ауданында пайдалануға беріліп отыр. Бұл туралы «Оңтүстік» ақпарат орталығында өткен брифингте «Оңтүстік» индустриалды аймағы» ЖШС директоры Мұхтар Тұрабеков хабарлады.

001

Жыл соңына дейін «Оңтүстік» индустриалды аймағын қосқанда бұл көрсеткіш 12-ге артса, 2016-2017 жылдары аудан-қалаларда 7 индустриалды аймақтың құрылысы аяқталмақ. Олардың қатарында Арыс қаласы, Сайрам, Сарыағаш, Отырар, Төлеби, Ордабасы аудандарындағы индустриалды аймақтар мен Шымкент қаласы маңындағы агро-индустриалды аймағы бар. Осылайша өңірде өнеркәсіптік өндіріс пен бизнес үшін 975 гектар аумақта дайын өнеркәсіптік алаңдар қалыптаспақ.

Биыл Қазақстан-Түркия бизнес форумында екі ел басшыларының келісімімен қазақ-түрік индустриалды аймағын бірлесіп басқару бойынша Анкара қаласының кәсіпкерлік палатасы мен «Оңтүстік» индустриалды аймақтарының басқарушы компаниясы» арасында келісім-шарт жасалды.

Сондай-ақ, фармацевтика, машина жасау және металлургия секілді салалардың кластерлік дамуына бағытталған 292 га құрайтын «Бадам», «КТИЗ» және «Тассай» индустриалды аймақтары құрылып отыр. Мұнда тартылған жеке инвистиция көлемі 82 млрд теңгені ($450 млн) құрады.

Қазақ-түрік индустриалды аймағымен қатар Қазақстан-Қытай индустриалды аймағы құрылмақ. Бұл үшін Хэбэй, Шаньси, Шаньдун провинциясында Қытай халықаралық сауда палатасымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Жалпы, облысымыздағы барлық индустриалды аймақтарында құны 177 млрд теңгені құрайтын 148 инвистициялық жоба іске асып, нәтижесінде 15 829 жаңа жұмыс орны ашылды. Іске асқан жобалардың 75-сі облысымыздың аудандары мен қалаларында орналасқан.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі