Дина Төлепбергенова: «Отырарға» келмегенде журналист болмас едім

Тарыдай болып кірген Дина 10 жылдың ішінде қанаты қатайып, республикалық «КТК» телеарнасында еңбек етіп жүр
Дина Төлепбергенова

Бүгінде ақиқаттың астарына жетуді мақсат еткен тележурналист Дина Төлепбергенованың есімі  «Отырар TV» телеарнасымен баяғыдан-ақ байланысып кеткен. Тарыдай болып кірген Дина 10 жылдың ішінде қанаты қатайып, республикалық «КТК» телеарнасында еңбек етіп жүр. Оңтүстіктегі тележурналистер шеберханасының мерейтойы жайлы хабарды ести салысымен, әріптесіміз сол кездегі қызықты шақтарды еске алудан жалықпады.

– «Отырарға» қалай келгенім әлі есімде. Ол мектепті енді бітірген кез болатын. 2001-ші жыл. Мен 17-демін. Облыстық арнада балалар хабарын жүргізіп, аз да болса тәжірибе жинап «Ата-анасыз бір сағат» деген балаларға арналған хабардың редакторы болу бақыты бұйырып еді.

– Ол кезде ұжымда кімдер бар еді?

– Ол кезде «Отырар» телеарнасының ұжымы қазіргідей үлкен болмайтын. Шағын топ. Шаңырағымыз да қазір сіздер отырған кең ғимарат емес, Ғани Ілияев көшесінің бойында орналасқан бір қабатты үй. Бұрын балалар бақшасы болған жер. Ондағы ұжымның менің есімнен ешқашан кетпесі анық. Өйткені олар журналист болып қалыптасуыма ғана емес, менің дүниетаным, өмірге деген түсінігімнің қалыптасуына зор үлесін қосты. Былайша айтқанда тәрбиеледі, өсірді, қанатымды қатайтты. Валентина Куликова, Зәуре Оралбаева, Дина Нұралиева, Нұрлан Күдерұлы, Сергей Павленко – бұл менің журналистикадағы ұстаздарым ғана емес, ағаларым мен әпкелерім болған тұлғалар. Оларға айтар алғысым шексіз.

– Дина сенің «Отырардағы» «Жас толқын» жас -тар айдарының көрермендерін көбейту жолында талай тер төккеніңді білеміз… 

– «Жас толқынның» мен үшін маңызы зор қашанда! Айта кетейін, «Жас толқын» – Шымкенттегі алқашқы жас- тар жобасы болды. Мұның алдында жастар мәселесі мен жастардың түйткілді болмысы тек жаңалықтар бағдарламасының аясында іле-шала айтылатын. Сондықтан «Жас толқын» – 16 мен 29 жас аралығындағы азаматтарға, студенттерге нағыз сый болды десем артық айтпағаным. Бұл жоба менің журналист ретінде өзімді көрсетуіме, медиа бағытында батыл тәжірибелер жасауға, шығармашылықпен еркін айналысуыма мүмкіндік берді. Осы жобаның арқасында мен көп нәрсеге үйрендім, көп адаммен таныстым. Қазір зерделеп отырсам, «Жас толқында» жүрген жылдарым – менің карьерамдағы ең қызықты кезең болған екен ғой.

Тарыдай болып кірген Дина 10 жылдың ішінде қанаты қатайып, республикалық «КТК» телеарнасында еңбек етіп жүр

Шынын айту керек, «Отырар» телеарнасында жұмыс істемесем, мен журналист болмас едім. Бұл анық. Өйткені анашым өзі сияқты менің дәрігер болуымды қалады. Негізінде медицина саласы маған ұнайтын. Мектепте биология мен химия пәндерін сүйіп оқыдым. Бірақ «Отырар» атты ғажайыптың ішіне бір рет кірген соң, шыға алмай қалдым. Телеарна өз жанымды тереңінен түсінуге мүмкіндік берді. Дәл осы мамандықты таңдағаныма өкінбеймін. Өйткені мен үшін қазіргі атқарып жатқан шаруам – бұл жәй жұмыс емес, күн сайын мені шабыттандырып, жаңа ойға жетелейтін рухани ләззат!

– Қанатыңызды қатайтқан телеарнадан ұшып кету оңай болмаған шығар?

– Иә, оңай болмады. Бұл тура «Қыз ұзату» тойы аяқталар мезетте, жұрттың қошеметтеуімен, ақ кілемнің үстімен тойханадан шығып жатқандағы қалыңдықтың сезіміндей. Қимайсың. Бірақ ер жеткен соң, бөлек отау құру міндетің.

– Шымқалаға қонаққа келгенде көрермен ретінде арнаның жұмысымен танысып тұратын шығарсыз?

– Әрине. «Отырар» мен үшін карьерамның біссімілләсы басталған орда ғана емес, туған отбасым секілді. Сондықтан сағынамын. Оның бүгіні мен болашағына алаңдаймын.

– Қазіргі таңдағы арнаның ішкі саясатымен, шығармашылық деңгейіне қандай өзгерістер қажет деп ойлайсыз? 

– Әрине, бүгінгі жетістіктермен тоқтап қалуға болмайды. «Отырар TV» телеарнасының заман ағымынан қалыс қалмай, интернет кеңістігінде өз орнын тауып жатқаны мені қатты қуантып отыр. Арнаның веб-сайты біз сияқты өзге қалада тұрып жатқан адамдарға Шымкенттің соңғы жаңалықтарынан хабардар болып, ұжымның тіршілігі мен тірлігін аңдып отыруға зор мүмкіндік береді. Осы бағытта одан әрмен дамуды тілеймін!

Дина Төлепбергенова «Отырар» телеарнасына 20 жыл толып отыр

– Телеарнада бүгінгі таңда шығармашылығын шыңдап жүрген жастар аз емес. Оларға қандай кеңес берер едіңіз?

– Жастарға айтар кеңесім, қолда бар алтынды бағалай біліңдер! Уақытты сарп етпеңдер! Ұжымдағы үлкен мамандарды құрметтеңдер, оларға қарап үйреніңдер, білмегенді сұрауға ұялмаңдар, өсіңдер дер едім.

– «Отырар» телеарнасына 20 жыл толып отыр, мүмкін алдағы 10 жылдықта сізді қайта отырарлықтардың арасынан көріп қалуымыз мүмкін бе? 

– Бәрі мүмкін! Болашақты білетін тек қана Алла!

Сұхбаттасқан – Сарбиназ АЛДАБЕРГЕНОВА