Нәрестенің мүлік құрлы құны жоқ па?

2014 жылдың 1-қаңтар күні «Қайтпас-1» шағынауданының тұрғыны П. Деген азаматша полицияға хабарласып, «есігімнің алдына 3 бүлдіршінді тастап кетіпті
2014 жылдың 1-қаңтар күні «Қайтпас-1» шағынауданының тұрғыны П. Деген азаматша полицияға хабарласып, «есігімнің алдына 3 бүлдіршінді тастап кетіпті
2014 жылдың 1-қаңтар күні «Қайтпас-1» шағынауданының тұрғыны П. Деген азаматша полицияға хабарласып, «есігімнің алдына 3 бүлдіршінді тастап кетіпті

«Тұрғын үйдің ауласына баласын тастап кетіпті», «көшеден 3 жасар бала табылды», «анасы сәбиінен бас тартты», «қоқыс жәшігінен шарананың өлі денесі шықты», «темір жолдың бойынан нәресте табылды». Осындай жаға ұстатар оқиғаларды жиі еститін болдық. Туған баласынан бас тартқан аналар көбейді. Аналардың мұндай қадамға баруына не себеп? Мамандар баласынан безетіндерді екі топқа бөліп отыр:

1) өз ісін әлеуметтік жағдайдың төмендігімен байланыстыратындар;

2) дүниеге некесіз бала әкелгені үшін ата-анасынан қорыққандар.

Өз баласын өлтіретіндер бар

Шымкентте болған, жаға ұстатар жағдай туралы бұған дейін де жазған едік. Өткен жылдың соңғы күндерінде 8 шағынаудандағы көпқабатты тұрғын үй ауласындағы қоқыс жәшіктерінің бірінен шарана табылған. Қыстың аязды күнінде қоқысқа тасталған сәби денесі әрине мұз боп қатып қалған. Анасының «жоспарынан тыс» өмірге келген шарананың тағыдыры осылайша тас боп қатты. Бейресми деректерге қа­­ра­ғанда, соңғы екі-үш жылда елімізде он­нан астам шарана өз анасының қолынан ажал құш­қан. Сәбиінен жерігендердің айтатын уәжі – «жос­п­арсыз» біткен жазықсыз сәбиді «адам­ның сөзінен», «ұяттан», «анасынан қорыққаннан» далаға тастайтынына саяды. Зерттеулер көрсеткендей, жаңа туған сәбиін далаға тастайтын аналардың көпші­лі­гінің психикасында ауытқушылық бар екен­дігі байқалады. 

 

Гүлнәр Тәукебаева
Гүлнәр Тәукебаева

Гүлнәр Тәукебаева, «Бөбектер үйінің» меңгерушісі:

– Біздің мекемеге облыс бойынша жетім қалған, ата-анасы бас тартып, тастанды атанған, мүмкіндігі шектеулі, бас бостандығынан айырылған жандардың, некеге тұрмаған жас аналардың балалары қабылданады. Сәбилердің жартысына жуығы облыстық бала­лар ауруханаларынан, перинаталдық орталықтардан келсе, жар­ты­сы өз үйлерінен келеді. Яғни ата-ана баласын асырай алмай немесе денсаулығында ақауы бар баланы қарай алмай өткізіп жатады.

Қазіргі таңда «Бөбектер үй­інде» 79 бала тәр­биеленіп жатыр. Олар туылғанынан 4 жасқа дейін осында тәрбиеленіп, кейін­нен денсаулық жағдайына бай­ланысты балалар немесе мүге­дектер үйіне ауыстырылады. Тұрмыстық жағдайына байланыс­ты сәбиін уақытша қалдырып кет­кен аналар болса, оларға мін­детті түрде қайтарылады. 

Қанша жерден барлық жағ­дай­ды жасасақ та, біз ана махаб­батын, әке мейірімін бере алмай­мыз. Сондықтан да әр баланың өз отбасында өскені абзал. Осы мақсатта біз 2002 жылдан бастап тастандылардың қатарын көбейтпеу үшін «Үміт» тобын аштық. Бұл топта әзірге баласын баға алмайтын, қарауға мүмкіндігі жоқ әйелдер баласынан мүлдем бас тартпайтын жағдайда әкеп өткізе алады. Көбіне олардың қатарын студенттер мен некеге тұрмаған жас аналар құрайды. Мұндай аналардың балалары «Үміт» тобында 3 жасқа дейін тәрбиеленеді. Осы уақыт аралығында біз жас ана­лармен жұмыс істеп, оларды өз сәбиінен бас тартпауға үгіттейміз. Олармен педагогтар, логопедтер, психологтар жұмыс жасайды. Қа­зіргі кезде осы топта 10 бала бар. Біз өз жұмысымыздың нәти­жесін көріп те отырмыз. Аналар бала­ларын алып кетіп жатыр. Дегенмен, өкінішке қарай, барлығы емес.

Жалпы, кез келген жүкті әйелдің бо­йын­да көңіл күй өзгерісінің болуы – қалып­ты жағдай. Кейбірі бала туған­нан кейін жан күйзелісін бастан кешуі мүм­кін. Алайда, сәбиін далаға тастағандардың қылығын бұл уәж ақтай алмаса керек. 

Жаңа туған сәби далаға қалдыру қылмысқа жатады. Дегенмен, баланың өміріне ешқандай қауіп төнбесе, Қылмыстық кодексте «кө­кек аналарды» жауапқа тарту көз­дел­меген. Ал, егер әйел босану барысында шаранасын қасақана өлтірсе (сот-сараптамалық зерттеу нәтижесі оның психикасын бұ­зылған деген қорытынды шығарса да) ол ҚР Қылмыстық кодексінің 97-бабы бойынша – 4 жылға де­йін­гі мерзімге бас бостандығынан айырылады.

 

Бимен Қансейіт
Бимен Қансейіт

Бимен Қансейіт, облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының басшысы:

– Біздің орталыққа қараусыз, тастанды, ата-анасының қамқорлағынсыз қалған 3 жас пен 18 жас аралығындағы балалар орналастырылады. Олар мұнда 3 айға дейін тұрады. Осы уақыт аралығында баланың ата-анасы, туысқандары табылып, әкетуге ниет білдіріп жатады. Өкінішке орай, баланың әке-шешесі табылып, бірақ олар одан бас тартатын жәйттер де кездеседі. Мұндайда бала денсаулық жағдайына байланысты балалар немесе мүгедектер үйіне ауыстырылады. Ал құжаттары дұрыс болмаған балалар бізде тағы бірнеше айға қалады. Қазіргі қоғамда тұрмысы төмен, баланы асырауға қауқары жетпейтін отбасылар да бар. Олар қалалық не аудандық білім бөліміне баладан уақытша (3 айға) бас тартатындығы жөнінде өтініш жазады. Өтініштері қанағаттандырылған ата-ананың баласы біздің орталықты уақытша пана етеді. Біздің орталықта жүрген балаға көзі түскен кез-келген ата-ана білім бөлімінің рұқсатымен баланы асырап ала алады.

Көріп отырғаны-мыздай, жаңа туған ба­ласын өлтірген әйел бар болғаны төрт жыл­ға бас бостандығынан айырылады екен. Ал салыстырмалы түрде осы кодекстің 175-інші «Ұрлық» бабын қарасақ, онда ұр­лық­тың қалай жасалуына байланысты, кү­дік­тінің айыппұл төлеуден бастап, үш жыл­дан он жыл­ға дейін бас бостандығынан айырылуы мүм­кін екені көрсетілген. Осыған қарап отырып, нәрестенің мүлік құрлы құны жоқ па деген ой түйесің.

Осыдан екі жыл бұрын белгісіз біреулер Шымкент қаласындағы балалар үйінің ауласына 4 бірдей қыз баланы қолдарына тілдей хат ұстатып тастап кеткен
Осыдан екі жыл бұрын белгісіз біреулер Шымкент қаласындағы балалар үйінің ауласына 4 бірдей қыз баланы қолдарына тілдей хат ұстатып тастап кеткен

Бақытсыздыққа бала кінәлі емес

Әлеуметтік жағдайдың төмендігі, үнемі жолыңды байлайтын жоқшылық, жұмыссыздық, ерінің араққа тәуелділігі, қиналған шақта жаныңа демеу болатын жанның табылмағаны аналарды тығырыққа тірейтіні рас. Аяғын шалыс басып, тұрмысқа шықпай бала сүйіп қалған қыздарды былай қойғанда, күйеуі бар әйелдердің арасында да балаларын қалай бағарын білмей, далаға қалдырып кетіп жатқандары да кездеседі. Осыдан екі жыл бұрын белгісіз біреулер Шымкент қаласындағы балалар үйінің ауласына 4 бірдей қыз баланы қолдарына тілдей хат ұстатып тастап кеткен. Онда тастандылардың апалы-сіңілі екені жазылған. Қыздардың үлкені Ақерке-6, Ұлбосын – 4, Гүлзима – 3, Арайлым – 2 жаста. Ересектеуі өздерінің осындай күйге түсуіне ата-аналарының ішімдікке салынғандығымен деп түсіндіріпті. 

 

Кубра Жәлелқызы
Кубра Жәлелқызы

Кубра Жәлелқызы, 9 баланың анасы:

– 29 жасымда 9 баланың анасы атанып отырмын. Әрине қазіргі қоғамда өмір сүру қиындау. Десе де, жас отбасылар балалы болудан қорықпауы керек. Ал менің бар бақытым да, байлығым да балаларым. Мен үшін сәбилерімнің сыңғырлаған күлкісінен артық ешнәрсе жоқ. Әрине, қатты қиналдық. Қиындығымызды көргенде кейбіреулер осынша бала туып нең бар? дегенді айтады. Айтса айта берсін. Мен балаларыммен бақыттымын.

Бұл аз десеңіз жуырда Шымкентте тағы бір жаға ұстатар жағдай орын алды. Жамал есімді келіншек қос бірдей баласын көршісіне тастап, қайта оралмаған. Абырой болғанда арада 2 ай өткенде, безбүйрек ана істеген ісіне өкініп, бейімдеу орталығынан балаларын алып кеткен. Мамандарға жалғызбасты әйел бұл қадамын күнкөрістің қамы үшін деп түсіндіріпті. Қазіргі қоғамда тіпті туған немерелерін «танымаймын» деп балалар үйіне өткізіп жатқан әжелер де бар. Мәселен, 2014 жылдың 1-қаңтар күні «Қайтпас-1» шағынауданының тұрғыны П. Деген азаматша полицияға хабарласып, «есігімнің алдына 3 бүлдіршінді тастап кетіпті»,- деген. Арада 4-5 күн өткен соң бүлдіршіндердің анасы табылды. Ол 22 жасар Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Оның айтуынша, бауыр еті балаларын көшеге тастамаған. Өзі құрылыста жұмыс істеп, нәпақа тауып жүргендіктен, үш сәбиді 1 аптаға енесіне, яғни балаларының әжесіне қалдырыпты. Өкініштісі сол келіншек күйеуімен бүгінге дейін заңды некеге тұрмаған, 3 перзентінің туу туралы куәлігі жоқ. Сондықтан балаларын өзіне қайтарып ала алмай жүр. Әзірге 4 жасар Керемет облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығын паналауда. Ал, Мирас пен Кәусар қалалық балалар ауруханасында жатыр. Арада бір апта өтпей жатып, Шымкентте тағы екі бала тастанды атанды. 7 қаңтар күні №1 қалалық балалар ауруханасына тағы да екі бүлдіршін қыз жеткізілген. Дәрігерлердің айтуынша үлкені екіден асқан, ал кішкентайы шамамен 1 жасар. Екі бүлдіршін қызды полиция қызметкерлері қаладағы Шоқан Уәлиханов көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінен алып келген. Осында тұратын азаматша қардың үстінде жұқа киіммен түн ортасында дірдектеп тұрған әйелді аяп, бүлдіршіндерімен үйіне кіргізген. Алайда, таңертеңгісін тұрса бейтаныс әйел балаларын тастап кетіп қалыпты. 

«Тұрғын үйдің ауласына баласын тастап кетіпті», «көшеден 3 жасар бала табылды», «анасы сәбиінен бас тартты», «қоқыс жәшігінен шарананың өлі денесі шықты», «темір жолдың бойынан нәресте табылды». Осындай жаға ұстатар оқиғаларды жиі еститін болдық
«Тұрғын үйдің ауласына баласын тастап кетіпті», «көшеден 3 жасар бала табылды», «анасы сәбиінен бас тартты», «қоқыс жәшігінен шарананың өлі денесі шықты», «темір жолдың бойынан нәресте табылды». Осындай жаға ұстатар оқиғаларды жиі еститін болдық

Осылайша, балалар үйін паналайтын жетімдердің қатары күн санап артып келеді. Елімізде 154 балалар үйі бар. Жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған ел бола тұра бұл жағынан ұяттымыз. Байлығын қорасындағы малымен емес, бауырындағы баласымен өлшеген қазақтың мұндай күйге түсуіне не себеп?

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ