Ешкім де қаңғыбас болып туылмайды

43-017

Әлемде қанша жан болса, соншама бір-біріне ұқсамайтын, қилы тағдырлар бар. Бірінің пешенесіне бай болу, бақытты болу жазылса, енді бірі барды қанағат тұтып, жоққа налуды білмейді. Арамызда тағдырына өкпелі жандар да жоқ емес. Олардың бірі барынан айырылып көше кезіп кетсе, екіншілері тағдыр тауқыметін көтере алмай, мәселенің шешімін бөтелкенің түбінен іздейді. Жасыратыны жоқ, үйсіз, күйсіз баз кешіп, қоқыстан тамақ алып жеп, қайыр сұрап, құлап жатқан жандарды көргенде мұрнымызды шүйiре қарап, жанынан тезiрек өтiп кетуге асығамыз. Алайда, олардың осындай күйге түсуіне не себеп болғанын ойлана бермейміз. Біз қаңғыбас деп жүрген жандар кімдер?

– Мен «бомж» болғым келгендіктен көше кезіп, қайыр сұрап кеткен жоқпын. Бұл менің тағдырым шығар, – деп бастады өз әңгімесін Михрибан Мұхтарова (суретте). Қаладағы белгілі тұрағы жоқ жандарға арналған орталықты бес-алты айдан бері паналауда. Айтуынша, мұндай күйге түсуіне туған сіңлісі кінәлі.

Михрибан Мұхтарова
Михрибан Мұхтарова

– Бір әке-шешеден төрт қыз едік. Үлкен әпкем тұрмыста. Қазір бала-шағасы, немерелері бар. Артымнан ерген сіңлілеріммен атқұйрығын кесіскенмін. Себебі, әкем қайтыс болған соң кіші сіңлім мені қарашаңырақтан қуып шықты. Туған бауырларыма керек болмаған соң, басқа туыстарымнан не қайыр? Барар жер, басар тауым қалмаған соң, көше кезіп, қайыр сұрап күн көрдім, – дейді Михрибан. Сөз арасында ұққанымыз, кейіпкерімізді мұнда марқұм әкесінің достары әкеліпті. Жатын орын, тамағы тегін болған соң Михрибан да бұл жерді паналауға қуана-қуана келісіпті. Оның үстіне мұндағылар қолды болған құжаттарын қайта жасатып, зейнеткерлікке шығарып беруге уәде еткен.

Бүгінгі таңда «Шымкент қалалық белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу» орталығында Михрибан секілді 150 адам тұрып жатыр. Олардың ішінде 104-і ер азамат болса, 46-сы әйел. Жас­тар­дан шау тартқандары басым. Араларында мүгедектер де бар. Мекеме басшысының орынбасары Сауен Жанысбайдың (суретте) сөзіне сүйенсек, мұндағылар-дың басым көпшілігін орталықтың жанынан құрылған «Ұтқыр әлеуметтік патрульдік қызметтің» мамандары көшеден тауып әкелсе, қалғандары өз еріктерімен келгендер. Ал, күн суытса орталықты паналайтындардың саны тіпті көбейе түседі екен. Себебі, мұнда белгілі тұрағы жоқ азаматтар үшін барлық жағдай жасалған. Бір сөзбен айтқанда көйлектері көк, қарындары тоқ. Не ішемін, не жеймін, қайда қонамын деп уайымдамайды.

Сауен Жанысбай
Сауен Жанысбай

Қаңғыбастар мекен еткен орталыққа бас сұққан кезімізде, «Ұтқыр әлеуметтік патруль қызметінің» мамандары жаңа қоныстанушыны әкеп жатыр екен. Үсті-басы кір қожалақ, шайтан суға сылқия тойып алған азаматты мұндағылар қабылдағысы жоқ. Себебі, ережеге сәйкес, спирттік ішімдік ішкендерді мекемеге қабылдауға болмайды. Десек те, мұндағылар бұл кісіні далада да қалдыра алмайтынын айтып, тіркеуге алды. Тіркеуге алынған азамат моншаға, ал үстіндегі киім-кешектер өртеуге жіберілді. Мекеме қызметкерлерінің сөзіне сүйенсек, қанғыбастарға мемлекет тарапынан іш-киім, шұлық, гигиеналық заттар ғана беріледі. Ал, оларды киім-кешекпен қамтамасыз етуге қайырымды жандар көмектеседі.

Моншаға шомылып, мастығы тарқаған азаматпен бірге медициналық бөлімге атбасын бұрдық. Мұндағы дәрігерлер жаңадан келген қоныстанушыны мұқият қарап шығып, кішігірім жараларын таңып берді. Денсаулығы ғана емес, сыртқы кескін-келбеті де ретке келтірілген соң, бағанағы кір-қожалақ «бомж» түр-әлпеті келісіп шыға келді. Келесі кезекте мұндағы мамандар оны жатын бөлмеге орналастырды. Біз де онымен бірге екінші қабатқа көтеріліп, жол-жөнекей әңгімеге тарттық. Айтуынша, кәсіптік білімі бар. Отбасылы болған. Алайда, тағдыр оны маңдайынан сипай қоймағанға ұқсайды.

43-018

– Әкем есімде жоқ. Білетінім ұрлық жасағаны үшін бірнеше рет сотты болған. Анам маскүнем еді. Қашан көрсем де аузы құрғамайтын. Сондықтан да олар ата-ана құқығынан айырылып, мен балалар үйінде өстім, – деп бастады әңгімесін өзін Сергей деп таныстырған жігіт.

– Алғашқы жылдары анам бірнеше рет артымнан іздеп келіп тұратын, бертін келе келуді де қойды. Балалар үйінде ержеттім. Кәмелет жасына толған соң балалар үйінен кеттім. Үйлендім. Жарым екеуміз тырысып-тырмысып үйлі болдық. Енді ғана еңсеміз көтеріліп, ел қатарлы өмір сүріп келе жатқанымызда әйелім мен бір жасар баламды көлік қағып, екеуі де бақилық болды. Менің барлық арманым да, үмітім де, болашаққа деген сенімім де солармен бірге келмеске кетті. Сағым сынып, жұбанышты бөтелкенің түбінен іздедім. Міне, содан бері 3 жыл өтті. Қоқыстан тамағымды тауып жеп, көше жағалап жүрмін, – деді көзіне жас алған Сергей. Әңгімесін аяқтаған соң бөлмесіне кіріп, төсегіне бүк түсіп жатып қалды. Мекеменің тыныс тіршілігімен таныстырып жүрген Сауен Жанысбайдың айтуынша, мекемедегі ең жас азаматтың жасы 25-те болса, ең кәрісі 50-де.

– Ережеге сәйкес, мұнда 1 жылға ғана қоныстануға рұқсат беріледі. Осы аралықта құжаты жоқтарға төлқұжат жасап, оқуға құлық танытқандарды қайта оқытып, өмірге бейімдеп шығарып жібереміз. Өкінішке қарай, қаңғыбастардың арасында орталықтың көмегін қажет ететін, бірақ өмірге бейімделгісі келмейтін жандар да бар. Оларды далада қалдыра алмаймыз. Сондықтан да, жазда кешкі 21.00-ден таңғы 9.00-ге дейін, қыста кешкі 18.00-ден таңғы 10.00-ге дейін мекемеге келіп қоныстануға рұқсат етіледі. Алайда, ондай жандарға тамақ берілмейді.

43-019

Жалпы жағдайға қаныққан соң Сауен Әшірханұлымен бірге жатын бөлмелерді аралап көрдік. Барлық бөлмелер жылы, бірақ қолқаны қабатын жағымсыз иіс аңқиды. Мекеменің ауласы мұнтаздай таза. Раушан гүлдер жайқалып тұр. Жаппа астында отырған орта буын азаматтар мен азаматшалар әңгіме-дүкен құрып отыр. Түрлеріне қарасаң арақтың өз дегенін істегені байқалады. Өмірдің түрлі жағдайына шыдас бермей, морт сынған жандардың кейпінен шарасыздық пен тағдырдың тәлкегіне мойынсұнған амалсыздық менмұндалайды.

Олардың қай-қайсысын сөзге тартсаң да өмірлеріне өкпелі екенін білесің. Бірі «барымнан айырылған соң, осындай күй кешуге мәжбүрміз» десе, екіншілері «шайтан судың құрбанына айналғандарын, туыстары өздерінен бас тартқанын» айтты. Олардың әрқайсысы бiр-бiр үйдiң түтiнiн түтетiп отыруы керек еді. Алайда, көше кезiп жүр. Қай жерден осалдық жіберді екен? Тағдыр таразысы әркімге өз тартуын жасары анық. Дегенмен ешкім де қаңғыбас болып тумайтыны да ақиқат. Олай болса, тәлкекке ұшыраған тағдырларға қолымыздан келсе жақсылық жасайық. Мысалы, Сіздің үйіңізде қажетсіз киім-кешек, ескі пальто, етік болуы бек мүмкін. Соны лажы болса, осы орталыққа өткізуге мүмкіндігіңіз бар. Сіздің қамқорлығыңызға зәру адамдар барын ұмытпағайсыз.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №43, 22.10.2014