Қылмыс хроникасы

 Көкөністі сыпырғымен шатастырды

Өзбекстан азаматы 9246кг қызанақ пен 4301 келі анарды Қазақстанға өткізбек болғанда ОҚО КБД «Сарыағаш стансасы» кедендік бекетінде ұсталып қалды. Құжаты тура болса, онда тұрған не бар деуіміз мүмкін. Бар мәселе құжаттың дұрыс толтырылмауында болып тұр ғой. Мыңдаған келі қызанақ пен анарды декларацияда «үй сыпырғысы» деп рәсімдеп, нәтижесінде жүк иесінің тауар құжатында 48 мың дана сыпырғы көрсетілген. Көкөністі сыпырғымен шатастырған бұқпа саудагер осылайша 3 млн. 630 мың 213 теңгенің контрабандалық тауарын біздің елімізге заңсыз өткізбек болған. Осы фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, Сарыағаш аудандық соты тиісті шешім қабылдайды.

Базаршыны аңдыған қарақшылар

Шымкенттік жасөспірім үйіндегі «БМВ» көлігін айдап шығып, өзінің сыбайластарымен базардан қайтқан «ГАЗ-53» жүк көлігінің жүргізушісін тонамаққа келіседі. Жүк көлігінің иесі сол күні базарға барып, малын пұлдап қайтқан екен. Қайтар жолында екі «БМВ» көлігі оны тығырыққа тіреп, қалтасындағы қомақты қаржысын тартып алмаққа әрекеттенгенде жол торыған қарақшылар қатты қарсылыққа тап болды. Жүк көлігі оларды соғып, бір көлікті апатқа ұшыратқан соң, қылмыстық топ оқ жаудырады. Жарақат алған базаршылар (2 адам) дегенмен беріле қоймады. Қазір базаршыларды барымтамалақ болғандардың бірі ұсталып, қалғандары іздестірілуде. Бұл оқиға бойынша ҚР ҚК 179-бабымен қылмыстық іс қозғалды.

Есірткіге есі кеткен

Пайғамбар жасына келген Сарыағаш ауданының тұрғыны Өзбекстаннан Шымкентке жеткізбек болған 13 келі есірткі затымен қолға түсті. Одан алынған есірткі – «Гашиш» болып шыққан. Есірткіге есі кеткен азамат бұл тасымал қызметі үшін 5000 АҚШ долларын алмақ екен. «Алматы-Ташкент-Термез» тасжолында тоқтатылған «Мазда» көлігінде жолаушы болып отырған есірткі тасымалдаушының сөмкесін тексеру барысында есірткімен күрес басқармасының қызметкерлері Ауғанстаннан шыққан жоғары сапалы мол олжаға кенелеміз деп ойламаса керек. Тәжікстан, одан Өзбекстан арқылы біздің елге өткен тауар Ресейге баруы тиіс болатын. Күдіктіге қатысты ҚР ҚК-і 259-бап бойынша іс қозғалды.

Суыққолды сұғанақтар

Аудандық ІІБ-ның кезекші бөліміне арызданған жергілікті тұрғын қорасынан белгісіз адамдардың 2 жылқысын алып кеткенін айтады. Шұғыл-іздестіру шаралары барысында күдікті деген 3 жігіт қамауға алынады. Олар 18-20 жас аралығындағы Қазығұрт пен Бәйдібек ауданының азаматтары болып шықты. 1984 жылы туған тағы біреуі Өзбекстан азаматы бұның алдында кісі өлтірген екен. Айғақты зат ретінде олардан ұрланған 2 жылқы иесіне қайтарылды. Суыққолды сұғанақтарға қатысты ҚР ҚК-нің 175-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Е. Сәрсенбин

Тал түсте ит атуға болмайды

Біздің облыста қаңғыбас иттерді жоюдың ережесі әлі бекітілмегендіктен бірқатар түсінбестік тірліктер орын алып қалуда. Мәселен, өткен жылғы наурыздың 14-і күні қаладағы «Күншығыс» шағынауданында қосұңғылы қарумен қаруланған ит атушылар тал түсте «тарсылдатамыз» деп, жергілікті тұрғындардың наразылығына тап болған. Тұрғындардың айтысына қарағанда, мұндай мезгілде төңіректе жас балалар көбірек болады. Тіптен, ересектердің өздері де сыртта жүреді. Жаман айтпай, жақсы жоқ, егер қаңғыған оқ төрт аяқты хайуанға емес, екі аяқты пендеге тиіп кетсе ше? Сонан соң, көптің көзінше де мылтық ату дұрыс емес. Әсіресе, балалар үшін. Оларда итке деген аяныш сезімі болады. Тырапай асқан, қаны сорғалаған өлексені көлікке лақтырғанмен, орнында қан-үні қалады. Ит пен бала қорыған жерге өш демекші, балалар бәрібір үлкендер тиым салған аймаққа ұрланып болса да барады.

Ал, ОҚО мамандандырылған табиғат қорғау прокурорының көмекшісі Ердос Найманбаевтың пікірінше, қаңғыбас иттерді аулаудың ережесі бекітілуі тиіс. Ал бұл ережені мәслихат депутаттары мақұлдағанмен, ОҚО Әділет департаменті бекітіп, мөр басуға асығар емес. Сондықтан, тығырыққа тірелген ит атқыштар заңсыз жұмыс істеуге қолдары бармай, әліптің артын бағып отыр.

Не десек те, ереже бекітілгеннен соң да, мылтық асынған ит-құс атушылар көпшілікпен де санасқандары жөн сияқты.