«Қаңғыбас» іс-шарасы кезінде бірқатар шетел азаматтары құрықталды

223

17-21 маусым аралығында Түркістан облысы аумағында «Қаңғыбас» жедел – алдын алу іс – шарасы жүргізілді.

Шараның басты мақсаты: тұрғылықты мекен-жайы және құжаттары жоқ тұлғалар арасында қылмыстың алдын алу, сондай-ақ танылмаған мәйіттерді анықтау, хабар-ошарсыз жоғалғандарды және қылмыскерлерді іздестіру, құқық бұзушылық профилактикасы бойынша жағдайды тұрақтандыру және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытындағы жұмыстарды жандандыру. Іс – шараны өткізуге Түркістан облысы Полиция департаментінің жеке құрамы жұмылдырылып, нәтижесінде бірқатар шетел азаматтары құрықталды.

Мәселен, «Қаңғыбас» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында Түркістан қаласындағы жалдамалы пәтерлердің бірінен көршілес елдің 4 азаматы құрықталды. Ұсталған тұлғалардан 250-ге жуық ұялы телефон айғақты зат ретінде табылды. Бүгінгі таңда полицейлер бұл ұялы телефондарды база бойынша тексеруде. Шетел азаматтары ұялы телефондарды Қызылорда және Түркістан облыстарының тұрғындарынан ыдыс-аяққа айырбастау арқылы алғандарын айтты. Бұл жайт бойынша қазіргі уақытта тергеп-тексеру жұмыстары жалғасуда.

Аталған іс-шара аясында тағы бір елең етерлік жайт анықталды. Мәселен, тәртіп сақшыларының барлық мекен-жайларды тыңғылықты тексеруі барысында Өзбекстан Республикасының іздеуде жүрген азаматы ұсталды. Азамат 2009 жылдан бері Қазақстан Республикасы аумағында жасырынып, қылмыстық іс бойынша іздеуде болған. Бүгінгі таңда осы уақытқа дейін жасырынып келген шетел азаматын еліне экстрадациялау жағы қарастырылуда.

Жалпы, «Қаңғыбас» іс-шарасы аясында Түркістан облысының полицейлерімен 49-тұрақты жері жоқ азаматтар ұсталып, оның 23-і қабылдау-тарату орнына жеткізілді. Сонымен қатар, тәртіп сақшылары көші-қон заңнамасын бұзған 178 жайты мен қоғамдық орындарда тиісудің 182 жайтын анықтады.

Түркістанның тәртіп сақшылары ескертеді, тұрақты мекен-жайы жоқ немесе үй-күйсіз жүрген қаңғыбас тұлғаларды көрген болсаңыз, бірден полицияға хабар беріңіз. Бұл өз кезегінде үй-күйсіз жүрген азаматтардың тарапынан орын алатын сан түрлі қылмыстардың алдын алуға көмектеседі.

 

QAINAR KÓZ ТО ПД-нің баспасөз қызметі