Бірнеше көлікті тонаған ұры ұсталды

373
Сурет интернеттен алынды

Шымкенттің полиция қызметкерлері бірнеше автокөлікке ұрлық жасаған 40 жастағы күдіктіні құрықтады. Қаланың Әл Фараби полиция бөліміне осындай қылмыс жайлы бірнеше тұрғыннан арыз келіп түскен.

Олардың айтуы бойынша, белгісіз біреу автокөліктерінің терезесін сындырып, ішінен бағалы заттарын алып кеткен. Көбіне көліктердегі автомагнитола қолды болыпты.

Сурет интернеттен алынды
Сурет интернеттен алынды

Нақты айтқанда, жәбірленушілердің бірі, 21 жастағы жігіттің айтуынша, ұры оның «ВАЗ-21099 » маркалы автокөлігінің терезесін сындырып, автокөліктің ішінен автомагнитола, колонка және бейнетіркеуішін алып кетіпті. Соның салдарынан көлік иесіне 50 мың теңге шығын келген. Әл Фараби полиция бөлімінің жедел уәкілдерінің іздестіруі барысында Шымкент қаласының 40 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол бұрын осындай қылмыстары үшін бірнеше рет сотты болған.

Тергеушілердің дерегінше, күдікті өз ойын бір әдіспен жүзеге асырып отырған. Иелерінің жоғын пайдаланып, қолындағы затпен автокөліктің терезесін сындырып, ішіндегі кез келген бағалы затты алып кетіп отырыпты.

Қолға түскен адамнан айғақты зат ретінде бірнеше автомагнитола алынды. Қазіргі таңда полиция қызметкерлері ұсталған күдіктінің 5 автокөлікке ұрлық жасағанын анықтады. Жәбірленушілерге келген жалпы шығынның көлемі 200 мың теңгені құрайды.

Аталған жайтқа байланысты ҚР ҚК-нің 175-бабы – «Ұрлық » дәйегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.