Оңтүстік тұрғыны аса ірі көлемдегі героинмен ұсталды

174

Шымкент қаласының полиция қызметкерлері 50 жастағы азаматты аса ірі көлемде героинмен ұстады. ОҚО ІІД есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасына облыс орталығының тұрғыны өзінің үйінде аса ірі көлемде героин сақтауда деген хабарлама түскен.

2015 жылдың 22-қаңтарында есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы мен Шымкент ҚІІБ-ның аудандық есірткіге қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері біріге жүргізген жедел іздестіру іс-шарасы барысында Шымкент қаласының 1965 жылы туылған тұрғыны есірткі сатумен айналысады деген күдікпен қолға түсті.

001 (1)

Күдіктінің үйіне тінту жұмысын жүргізу барысында тәртіп сақшылары сұр түсті, героинге ұқсас, салмағы бір келіден астам ұнтақ салынған ораманы тапты. Сонымен қатар күдіктінің күртешесінің қалтасынан 13 грамм героинге ұқсас есірткі заты табылған. Белгілі болғандай, күдікті бұрындары есірткі затын қолданған екен.

2

Криминалистикалық сот сараптамасының нәтижесі бойынша тәркіленген заттың салмағы бір келіден астам героин екені анықталды.

Аталған жайтқа байланысты ҚР ҚК-нің 297-бабы – «Есірткі затын ірі мөлшерде сақтау, сату, жөнелту» дәйегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауда. Тергеу амалдары жүргізілуде.

Тәртіп сақшыларының мәліметінше, бұл факті тек Оңтүстік Қазақстан облысында ғана емес, Қазақстан бойынша жылдың басынан бергі аса ірі көлемде табылған есірткі заты болып отыр.