18 мамыр – халықаралық мұражай күні

2044

18 мамыр халықаралық мұражай күні. Айтулы мереке 1977 жылы Мәскеуде бастау алған. Бұл күні еліміздің барлық өңіріндегі мұражайлар ашық есік күнімен қатар «Мұражай түнін» өткізеді. Облыстық тарихи өлкетану мұражайының ұжымы бұл дәстүрден танбады. Әдеттегідей көрермендерін тағатсыздана күтті.

«Мұражай түні – 2015» акциясына шарасына шақырту алғандар таңертеңнен келді. Әсіресе, мектеп оқушыларының қарасы қалың. Барлығы 95 жылдық тарихы бар мұражайдың дүниелерімен танысуға асық.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=QONg6SFa0uo[/youtube]

Мұражай қызметкерлері әрбір келушіні мерекелік көңіл-күймен қарсы алды. Олардың сөзіне сенсек, мұнда 69 мыңнан астам жәдігер бар. Әр жәдігер тарихтан сыр шертеді. Мұны бүгінгі өскелең ұрпақ жақсы біледі.

Тарихи жауһарларды осы күні тегін көруге мүмкіндік туды. Археологиялық ескерткіштердің барлық түрінен жәдігерлер қойылып, келушілерге паш етілді.

Акция аясында самаурын көрмесі ұсынылды. Әр ғасырдың көзіндей сақталған самаурындар келушілердің көңілінен шықты. Ал оны күтіп-баптау оңай шаруа еместігі айтылып қана қойған жоқ, көрсетілді де.

Рима Тұрсынбаева, мұражай қызметі: «Мысалы, мына самаурынды күтіп-баптау оңай шаруа емес. Бірінші оны суретке түсіреміз. Сосын сүртіп-тазалаймыз. Ол темір болғандықтан қараяды немесе тот басады. Оны арнайы құралмен әр тоқсан сайын сүртіп-тазалап тұрамыз. Жалғыз самаурын ғана емес, мұражайдағы барлық экспонаттарды тазалап тұрамыз. Оны күтіп, баптау жұмыстары қатаң қадағаланады.»

Сандарды сөйлетсек. Қазақстанда 231 музей бар. Өткен жылы 5 млн аса адам музейге барыпты. Ал біздің облыста жиырмаға жуық мұражай халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп, тарихи жәдігерлерімізді дәріптеп келеді. Мамандар жыл сайын келушілердің қатары артуда дейді.

Алайда қарапайым халықтың пікірі бұл мәліметпен сай келмейді. Біз қала халқы көптеп шоғырланатын орынға барып, сұрау жүргіздік. Тұрғындардың басым бөлігі мұражайға мүлдем бармағанын мойындады. Ал жастар қауымы мектептен қинап апаратынын алға тартты. Онда да жылына бір рет.

Мұражайға келушілер қатары көбейсе, «қолда бардың қадірін» түсінетін отандастарымыздың саны артатыны айтпаса да белгілі. Ол үшін келушілерді қызықтыру жұмыстары қарқын алғаны дұрыс-ақ. Қарапайым халықтың жылына бір рет, тым құрығанда мереке күні мұрайжайға баруын әдетке айналдыру музей қызметкерлерінің өз жұмысын жіті ұйымдастыруына байланысты.