Домбырасы 7 мың доллар тұрады

Қанат Кеңесов
Қанат Кеңесов
Қанат Кеңесов

2012 жылы Шымкент қаласында тың идеясы бар жастар үшін кәсіпкерлік мектебі ашылды. Кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренгісі келетін 400 жас білімдерін шыңдап, бизнесін ашуға ниет білдірген-ді. Оның ішінде, 97 адам жобасын қаржыландыруға өтініш жолдаған. Оның екеуі 3 млн. теңгелік грантты жеңіп алып, өз бизнестерін бастады.

Соның бірі – Қанат Кеңесов. Қанат қазақтың домбырасын ою-өрнекпен көркем бедерлеп жасайды. Оған қоса, домбыраға арнайы арқалық тіреуішті де ойлап тапқан. Жас кәсіпкердің жасаған бұл бұйымы көзге тартымды көрінеді.
– Қолөнерге бала кезімнен құмармын. Бір жағы атам Кеңесте ісмер жан. Атам зейнеткерлікке шықса да, көрген-білгенін маған үйретуден жалыққан емес. Ал Жас кәсіпкерлер мектебі көптен бергі көкейімде жүрген ойымның жүзеге асуына мұрындық болды. Кәсіпкерліктің қыр-сырын жетік меңгерген соң, өз кәсібімді ашуға деген құлшынысым артты. Уақыт өте келе идеямды «Даму» қорының комиссиясы назарына ұсынған болатынмын. Ондағылар бастамамның берері көп екенін айтып, демеп қойды. Нәтижесінде 3 млн теңге көлемінде мемлекеттік грантқа қол жеткізіп, қажетті құрал-саймандарды сатып алдым. Жұмысым әлдеқайда жеңілдеді. Дегенмен, кейбір элементтерді темірдің күшімен емес, қолмен оямын. Ондай кезде ерінбестен қол күшін жұмсаймын.

Қоңыр үнді домбыраның дыбысы мінсіз болуы және сырт пішінін әспеттей алу үшін асқан ептілік керек. Жасаған домбыраларым «шаппа» деп аталады. Мұнан бөлек, домбыраның қырлы және құрама түрлері бар. Домбыраға жаңғақ ағашы мен қара ағашты қолданамын.

Домбыралар 20 мың теңгеден бастап, 7 мың АҚШ долларына дейін бағаланады. Оның ішінде, 3 мың долларлық домбыралар өтімді келеді. Өзімді тынымсыз еңбектің адамымын деп санаймын. Сондықтан да еңбектенуден қашпаймын. Есесіне, алға жылжып, уақытты тиімді пайдалануға тырысамын, – дейді жас кәсіпкер.

Жергілікті әкімшілік жас кәсіпкерге жер беріп, цех ашуына да мүмкіндік жасаған. Бүгінде Қанаттың жеке цехы бар. Онда ол қажетті мамандарды жұмысқа қабылдап, шығаратын бұйым санын көбейтіп отыр. Сондай-ақ, Қанат домбыра жасаумен қатар тамақ салатын ағаш астаулар, сандықтар, қазақы кәдесыйлар мен ойыншықтарды да жасайды.

Лаура Сапарбекова

«Оңтүстік Рабат», №21, 27.05.2015