Ерлан Айтаханов аудан оқушыларының оқулықпен қамтамасыз етілуін пысықтады

252
Жаңа оқу жылына санаулы күндер қалды. Облыс әкімі Б.Атамқұловтың басшылығымен 13 тамыз күні өткен мәжілісте облыстық әкімдік тарапынан аудан, қала басшыларына алдағы жаңа оқу жылына қатысты дайындықты пысықтау үшін бірқатар тапсырмалар беріліп, атқарылатын жұмыстардың ауқымы анықталған болатын. Аталған мәжілісте білім саласына жетекшілік жасайтын жауаптыларға нақтылы міндеттер де жүктелді.
011
Осыған орай Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ерлан Айтахановтың төрағалығымен арнайы селекторлық мәжіліс өтті. Жиынға білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының қызметкерлері мен облыс әкімі аппаратының мамандары және аудан, қала әкімдерінің салаға жетекшілік ететін орынбасарлары, білім бөлімінің басшылары мен жауапты мамандары қатысты. Мақсат облыс әкімі берген тапсырмаларының орындалу барысын тағыда пысықтау болатын.
Күн тәртібінде оқушыларды оқулықтармен қамтамасыз ету, білім нысандарындағы ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарының барысы, шалғайдағы елді мекенде тұратын оқушыларды мектептерге тасымалдау, алдағы жылу беру маусымына білім мекемелерінің дайындығы сынды өзекті мәселелер қаралып, сараланды.
Алдымен Созақ ауданы әкімінің орынбасары Сәуле Еденбаева облыс оқушылары 1-сыныпқа қажетті әдістемелік құралдардан өзге оқулықтармен толық қамтылғанын мәлімдеп, бұл бағыттағы жұмыстар 21 тамызда толық аяқталатынын баяндады. Бүгінге дейін теріскейдегі білім беру мекемелеріне қажетті қатты отынның 57 пайызы жеткізілген, оқушыларды мектептерге тасымалдау үшін қаулы қабылданып, қаржы қаралған.
Ал Ордабасы аудандық білім бөлімі 17 тамызға дейін 64 мектепке қажетті оқулықтардың 78 пайызын алып үлгерген. Бұл жұмыстардың 25 тамызға дейін толық аяқталатынын хабарлаған аудан әкімінің орынбасары Әлдібек Сәдірмек 11 мектепке 990 оқушыны тасымалдау үшін келісім-шарттар түзілгенін айтты. Өз кезегінде Ордабасыдағы Қызылсеңгір ауылында тұратын 32 оқушыны мектепке тасымалдау жайына ерекше тоқталған Ерлан Қуанышұлы осы бағытта атқарылған жұмыстарға тереңінен талдау жасап, нәтижесін жазбаша баяндауды жүктеді.
Кентау қалалық білім бөлімі оқулықтармен қамту үшін 8 баспамен өзара келісім-шарт жасасқан. Оқушыларды тасымалдауда өзекті мәселе жоқ. Жылу маусымына дайындық жұмыстары жоспарға сай жүруде. 44 білім нысанының 32-сі орталық жылу жүйелеріне қосылған. Түркістандағы қоймадағы қатты отын Кентаудағы білім ұяларына жеткізілуде.
Бәйдібек ауданындағы білім мекемелері алдағы жылу маусымына сақадай сай. Жылу жүйелеріне тиісті сығымдау жұмыстары жүргізіліп, қажетті отын алынған. Ал Түлкібаста жеткізілген оқулықтарды тарату жұмыстары қарқынды жүруде. Ауданда қатты отын мәселесі толық шешілген.
Сарыағаштағы 142 білім мекемесі оқушыларды қабылдауға дайын. Қажетті оқулықтар баспалардан алынып, жауапты мамандардың жолбастауымен жолда келе жатыр. 6 мектепте жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, бүгінде мемлекеттік қабылдау жұмыстары жүруде. Көмір мектептерге жеткізіліп берілген. Оқушыларды тасымалдауға қазынадан  қаржы қарастырылған.
Сайрамда тасымалдауды қажет ететін оқушыларды мектепке апарып-әкелу мақсатында жеке компаниямен келісім-шарт түзілген. Ауданға жеткізілген оқулықтар мен әдістемелік құралдарды мектептерге тарату жұмыстары атқарылуда. 84 білім нысанын жылыту үшін сұйық және қатты отын алынған. Ауданда күрделі жөнделіп жатқан үш мектептің екеуіндегі жөндеу жұмыстары жоспарға сай келер жылы жалғасады. Ал бір мектептегі жөндеу толығымен біткен.
Төле би ауданындағы білім ошақтарына қатты отынды тасымалдау жұмыстары 20 тамызда аяқталады. Бүгінде қажетті отынның 87 пайызы мектептерге жеткізілген.
Отырар ауданы бүгінге дейін оқулықтардың 64,3 пайызын алған. Жауапты мамандар 7 баспамен бірлесе жұмыс жасауда. 6 білім беру нысаны күрделі жөнделген бүгінде мемлекеттік қабылдау жүріп жатыр. Жалпы оқулықтар мәселесі мен білім нысандарының алдағы оқу жылына дайындығы Отырарда келер сейсенбіде өз шешімін таппақ.
Теміржолшылар қаласы атанған Арыстағы алдағы жаңа оқу жылына дайындық шараларын осы бір апта ішінде аяқтау жоспарланып отыр. Түркістан қаласы мен Мақтаарал, Қазығұрт аудандарындағы атқарылған шараларды баяндаған жауаптылар жоспар бойынша жұмыстардың атқарылып жатқанын хабарлады.
Ерлан Айтаханов аталған қала, аудандардағы оқушылар тасымалы туралы облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасымен бірлесіп, тиянақты талдау жасап, нәтижесін мәлімдеуді жүктеді.
Шардарадағы жауаптылардың жайбасарлығын сынға алған облыс әкімінің орынбасары баспалар тарапынан әзірленген 58 мыңнан астам оқулықты шұғыл арада ауданға жеткізу үшін білім бөлімі меңгерушісін тез арада Алматыға аттандыруды аудан әкімінің орынбасары Бақтыбай Әліповке тапсырды.
Селекторлық мәжілісті қорытындылаған Ерлан Қуанышұлы алдағы жаңа оқу жылына дайындық барысы облыс әкімінің жіті бақылауында тұрғанын хабарлап, барлық жұмыстарды 25 тамызда аяқтауды міндеттеді. Баспалардан шыққан оқулықтарды шұғыл түрде өңірге жеткізу, мектептерге таратуға қатысты алда атқарар шараларды айқындап, жауапты тұлғаларға нақтылы тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, аудан, қалалардың оқу жылына  дайындығы туралы күнделікті талдамалық ақпар әзірлеп, ұсынуды міндеттеді.
ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі