Түркістанда 6 мектептің құрылысы 1 қыркүйекке дейін аяқталады

36

Түркістан облысында 33 мектеп салынып жатыр. Ал 20 білім беру мекемесі қайта жөндеуден өткізілуде. Оның бірқатары 1 қыркүйекке дейін пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін 14 нысан құрылысы толық аяқталады.

Биыл Түркістан облысында 33 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Ол үшін бюджеттен 23,6 млрд. теңге бөлінген. Оқу жылы басталғанша 6 білім ұясы пайдалануға берілсе, 14 ғимараттің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады.

Тоқтар Усубалиев, ТО құрылыс басқармасының басшысы: «Жоспарлағанымыз бойынша 20 мектеп пайдалануға береміз. Соның ішінде 6 мектепті 1 қыркүйекте ел игілігіне ұсыну көзделіп отыр. Қазіргі уақытта барлық құрылғылар әкелініп жатыр. Парталар кіргізіліп жатыр. Күнделікті бақылауда ұстаудамыз. Мердігердің өз жауапкершілігі бар, біздің өз жауапкершілігіміз бар. Күнделікті жұмыс жүріп жатыр»

1 қыркүйекке дейін Сарыағаш ауданында 300 орындық, Сайрам ауданында 300, Түлкібас ауданында 150, Арыс қаласында 200 орындық мектеп құрылысы бітеді. Сонымен қатар Келес ауданындағы 300 оқушыға арналған қосымша оқу ғимараты мен Түркістанда мектеп-интернаты ел игілігіне беріледі. Оған қоса тағы 20 нысанға күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр.

Дінислам Болатханұлы, ТО адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы: «20 мекемеге күрделі жөндеу жұмысын жүргізуге бюджеттен 4 млрд. 526 млн теңге бөлінген. Оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы негізінде 11 білім беру мекемесіне 2,9 млрд теңге. Облыстық бюджеттен 9 білім беру мекемесіне 1,6 млрд теңге қаржы қаралды. Қазірге дейін 4 мектепте құрылыс жұмысы аяқталды, мемлекеттік қабылдап өткізу актілері жасалынып, пайдалануға берілді»

Ал өңір басшысы құрылысты мерзімінен кешіктіріп жатқан мердігерлерге заң аясында шара көру керектігін айтты. Сонымен қатар білім ошақтары бойынша сала мамандарына бірқатар ұсыныс енгізуді тапсырды.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Мектептер өз уақытында салынып, ел игілігіне берілуі тиіс. Құрылыс жоспары, мерзімі бойынша қателікке жол беруге болмайды. Қазір бюджетте қаражат тапшы екенін білесіздер. Әрбір тиынды тиімді жұмсап, міндетті сапалы атқарған жөн. Мамандар жобаны қарап шығып, атқарылмай жатқан жұмыс бойынша ұсыныс беріңіздер»

Айта кетейік, түркістандық білім басқармасына қарасты 1275 білім беру мекемесі бар. 2021 жылы 13 мектеп, 2022 жылы 16 ғимарат күрделі жөндеуден өтті. Ал биыл тағы 20-сына қайта құрылымдау жұмысы жүргізіліп жатыр.