Шымкентте «Театр көктемі-2016» облыстық театр фестивалі өтеді

379
«Театр көктемі-2016» облыстық театр фестивалі өтеді

Оңтүстікте «Театр көктемі – 2016» облыстық театр фестивалі ұйымдастырылады. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған ауқымды іс-шараны облыс әкімдігі қолдап отыр.

«Театр көктемі-2016» облыстық театр фестивалі өтедіФестиваль облыстық қуыршақ, опера және балет, әзіл-сықақ және сатира театрларында, Ж.Шанин атындағы қазақ драма театры мен орыс драма театрында, облыстық өзбек драма театрларында 7-9 сәуір аралығында өңірдегі кәсіби театрлардың қатысуымен өтеді.

Өнер фестиваліне елімізге белгілі КСРО және Қазақстанның халық әртісі, М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық театрдың көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық әртісі, тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты Есмұхан Обаев, театр және кино актері, Қырғызстанның еңбек сіңірген әртісі Бусурман Одуракаев, жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт, әдебиетші, сыншы, профессор, Қ.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры Құлбек Ергөбек сынды бірқатар азаматтар қазылық етеді.

Шара қорытындысы бойынша үздік деп танылған қойылымдар арнайы сыйлықпен марапатталып, бас жүлде иеленген театр ұжымына автокөлік тарту етіледі. Ендеше, келіңіздер! Көріңіздер!

Фестиваль бағдарламасы:

7 сәуір
– 11.00 – облыстық қуыршақ театрында «Сағыныш шөбі» қойылымы;
– 15.00 – Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында фестивальдің ашылуы;
– 15.30 – Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында «Бас» драмасының қойылымы;
– 18.00 – облыстық опера және балет театрында А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсы;
– 20.30-да облыстық опера және балет театрында музыка түні өтеді.

8 сәуір
– 11.00 – облыстық өзбек драма театрында «Аяулым Анфиса» комедиясы;
– 15.00 – облыстық әзіл-сықақ және сатира театрында «Қараша қаздар қайтқанда» драмасы;
– 18.00 – облыстық орыс драма театрында «Двойник» комедиясы;
– 19.30-да облыстық орыс драма театрында поэзия түні өтеді.

9 сәуір
– 11.00 – Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры сахнасында Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының «Түнек торы» драмасы;
– 15.00 – облыстық орыс драма театрында Түркістан қаласының сазды-драма театрының «Мұстафа Шоқай» драмасы;
– 18.00-де Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында «Театр көктемі-2016» облыстық театр фестивалінің жабылуы мен марапаттау рәсімі өтеді.