Опера және балет театрының ұжымы темір тұлпарды тізгіндеді

560

«Театр көктемі-2016» өнер фестивалі мәресіне жетті. «Ең үздік қойылым» номинациясымен Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры жеңіске жетті. Ұжым мүшелеріне 1 000 000 теңге тапсырылды. «Ең үздік режиссура» мәртебесі облыстық орыс драма театрының режиссері И.Вербицкийке (500 000 теңге) бұйырса, «Актерлік-ансамбльдік тұтастық» номинациясымен облыстық әзіл-сықақ және сатира театры (500 000 теңге) жеңіске жетті. Ал«Тарихи тақырыпты үздік меңгергені үшін» Түркістан қаласының сазды-драма театры (300 000 теңге) марапатталды.

IMG_2478

IMG_2479

«Патриотизмді үздік бейнелегені үшін» облыстық қуыршақ театры жүлдеге (300 000 теңге) ие болды.  «Ең үздік ер адам» номинациясы бойынша жеңіс Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының актері С.Арипхановқа (200 000 теңге),  «Ең үздік әйел адам» – облыстық өзбек драма театрының актрисасы Д.Халметова (200 000 теңге), «Екінші пландағы ер адам» – облыстық өзбек драма театрының актері Ұ.Насыров (100 000 теңге), «Екінші пландағы әйел адам» аталымы Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының актрисасы А.Нұртазинаға (100 000 теңге) берілді.

Ал сайыстың ең басты марапаты – жазушы, драматург Р.Отарбаевтың арнайы жүлдесін облыстық опера және балет театры (жеңіл автокөлік) жеңіп алды!

IMG_2472

IMG_2433

Жәнібек Тағаев, облыстық опера және балет театрының директоры: «Қуанышымызды сөзбен айтып жеткізе алмаймыз! Күтпеген жеңіс! Бұл бір ғана әртістің емес, барша ұжымның жеңісі! «Абай» операсын көпке ұсынарда да талай еңбектендік, бекзат өнерді халыққа жәй емес, шебер ұсыну үшін әншілеріміз бен оркестріміз жұмыла ізденді, кәсіби тұрғыда көрерменге ұсынды. Дегенмен, біз мұнымен шектелмейміз, әлемдік шығармаларды меңгеріп, халықаралық деңгейдегі сайыстарда өңірдің, қала берді Қазақстанның мәртебесін биікке көтеру мақсаты тұр алдымызда!»

«Театр көктемі-2016» өнер фестивалі күнгейде 7-9 сәуір күндері аралығында өтті. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне орай қолға алынған өнер сайысының діттегені облыстағы кәсіби театрлардың өнерін насихаттау, олардың репертуарын талдау және іс-тәжірбие алмасу болды.

Фестивальге Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театры Р.Отарбаевтың «Бас» драмасымен, облыстық орыс драма театры Р.Отарбаевтың «Двойник» трагикомедиясымен, облыстық өзбек драма театры Р.Отарбаевтың «Аяулым Анфиса» трагикомедиясымен, облыстық қуыршақ театры Р.Отарбаевтың «Сағыныш шөбі» қойылымымен, Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры Р.Отарбаевтың «Түнек торы» драмасымен, Түркістан қаласының сазды драма театры Р.Отарбаевтың «Мұстафа Шоқай» драмасымен, облыстық әзіл-сықақ және сатира театры Р.Отарбаевтың «Қараша қаздар қайтқанда» драмасымен, облыстық опера және балет театры Л.Хамиди, А.Жұбановтың «Абай» операсымен қатысты.

IMG_2504

Өнер сайысына КСРО және Қазақстанның халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, «Отан», «Құрмет» ордендерінің иегері Асанәлі Әшімов, театртанушы Қазақстанның халық әртісі, тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, профессор Есмұқан Обаев, Қырғызстанның еңбек сіңірген әртісі, халықаралық Ш.Айтматов клубының вице-президенті Бусурман Одуракаев, әдебиетші, сыншы, профессор, Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ жанындағы түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры Құлбек Ергөбек, жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт, Германиядағы қазақтар қауымдастығының төрағасы Сүлеймен Шадкам, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы қазылық етті.