Құбырлар жаңаланбаса, сапалы жылу болмайды

360
Құбырлар жаңаланбаса, сапалы жылу болмайды

Көп қабатты үйлерде жылу жүйелері толық жаңаланбаса, тұтынушылар сапалы жылу ала алмайды. «Қуат жылу орталығы-3» мекемесінің мамандары осылай деп ескертеді. Әзірге ауа райы қарасып тұрғанда жылу берушілер үйлердің жертөлесі мен пәтерлердегі ескірген құбырлар мен тіреуіштерді алмастыруға шақырады.

Бәйдібек би көшесінің бойындағы №56 үйде жылу мардымсыз. Көршілес 4-шағынаудандағы №17 үйдің тұрғындары да жертөледегі құрылғыларды бақылаумен әлек. Өйткені, ыстық судың температурасы кіреберісте 48 градусты көрсетуде. Қысым да төмен дейді тұтынушылар.

Құбырлар жаңаланбаса, сапалы жылу болмайды

Ал жауаптылар алаңдауға негіз жоқ дейді. 4-шағынаудандағы үнемі жарылатын жүйе бөлігі ретке келтіріліп, магистраль құбыры жаңаланды. Енді осы төңіректің тұрғындары жылуды еш күрделіксіз алады дейді «Қуат жылу орталығының» мамандары. Құрылыс жұмыстарына байланысты мұндағы көп қабатты үйлерге жылу қарашаның 10-нан бастап беріле бастаған.

Маманның айтуынша, жылу жүйесінде ақау орын алған №14 үйде қазіргі таңда бригада жұмыс істеп жатыр. Ол жұмыс аяқталған тұста үй орталық жылу жүйесіне қосылады. Ең бастысы – тұрғындар жертөле, пәтерлеріндегі тозығы жеткен құбырларды алмастырса, еш күрделіктер туындамас еді дейді сала мамандары.

Ендеше, жылуға қатысты сұрақтарыңыз туындаса 44-82-37, 44-81-89 телефондары арқылы диспетчерлік қызметке хабарласыңыз. Қала әкімдігінің 53-00-15 телефоны да тәулік бойы тұрғындарға қызмет көрсетуде.