You are here
Жаңалықтар 

«Қазына» би ансамблі Ресейден жеңіспен оралды

Күнгейлік би ұжымы төрткүл дүниені таңқалды. Дәлірегі — «Қазына» би ансамблінің қанжығасы тағы екі бірдей жүлдеге толықты! Өнер ұжымы Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен ІІ«Розы России» атты халықаралық би байқауына қатысып, намысты қолдан берген жоқ. Халықаралық бәсекеде Д.Нугманов, Б Байбалашев, Г.Сатаевалар тәжік және өзбек билерімен бас жүлдені иемденді. Ал «Соло» номинациясы бойынша Д.Нугманов пен Б.Байбалашев «Қырандар» және «Аңшылар» би-қойылымын ұсынып, бірінші орынды жеңіп алды.

Жеңімпаз жерлестерімізді алғашқылардың бірі болып құттықтау үшін Ш.Қалдаяқов атындағы филармонияның ұжымен бірге біз — «Отырар. қаз» сайтының редакциясы да теміржол вокзалына арнайы бардық. Қуанышты сәтті ортақтасып, шығармашылық табыс тіледік…

Бағдат Байбалашев, «Қазына» би ансамблінің бишісі: «Өте қуаныштымын, әсерімді сөзбен жеткізе алмаймын. Байқауға барып көптеген тәжірибе алмастық, әр ұлттың өзіне тән би мәнерлері болады. Менің ойымша жеңісті бағындыруымыздың құпиясы — қазақ ұлтының рухани байлығында. Қазақ өнерінің аясы бай ғой, шіркін! Бидегі бір ғана басқан қадамнан, ондағы қойылымның желісінен халқымыздың тектілігі мен болмысын, табиғатын көруге болады. Барыс елдің бүгіні мен өткен тарихын да би, ондағы мазмұннан түсініп, мәдениет- өнердің дамығанын біздің костюмдерге қарап-ақ, байқауға болады. Қарсыластарымыз да осал болған жоқ, бірақ біздің алдымызда тек ұлттық нақышымыз бен қабілет-дарынымызды паш етіп, әлемді мойындату сияқты мақсат тұрды. Орындай алдық деген сенім бар.  Ендігі арманымыз — осы жүлдемен тоқтамай, алдағы байрақты додаларға қатысып, Қазақстанымыздың абыройын әрмен қарай асқақтату».

Екатеринбург қаласында өткен ІІ«Розы России»  би байқауы үш күнге ұласқан. Халықаралық додаға Қазақстанмен қоса, Ресей және Болгариядан 50-ге тарта өнарпаз қатысыпты. Қуантарлығы биылғы айтулы өнер жарысында қазылар алқасының құрамынан ҚР Мәдениет қайраткері, «Қазына» би ансамблінің жетекшісі Зәуре Әжібекова да табылды.

Зәуре Әжібекова, ҚР Мәдениет қайраткері, «Қазына» би ансамблінің жетекшісі: «Төрешілер тарапынан табылу — мен үшін  қуаныш қана емес, үлкен жауапкершілікті жүктеді. Үміткерлердің бойындағы титтей болсын талант-қабілетін бағалап, би қойылымдағы айтар оймақтай ойды түсіну де оңайға соққан жоқ. Бірақ, «Қазынаның» қоржыны, ондағы қойылымдар қимыл-ерекшелікке, қайталанғысыз күрделі, мағыналы билерге бай.  Сондықтан, сайыс әділ өтті деп ойлаймын. Менен өзге де шетелдік әйгілі кәсіби нағыз би саласының шебер-мамандары қазылардың қатарынан табылды. Баршасы да біздің ансамбльдің өнерін мойындап, қолдау көрсетті. Осы сәттің куәгері болғаным үшін қуанамын!»

Айта өтетін ақпар, бүгінде ұлттық би өнерін әлемге мәшһүр етіп жүрген «Қазына» би ұжымның қызметін бастағанына биыл — 29 жыл толады.

Related posts

Leave a Comment