Қала көркін ашу ма әлде жергілікті халыққа қолайсыздық па…

406
Кей тұрғындар қоршауға қарсы

Көше бойындағы қоршаулар қала көркін ашу ма әлде жергілікті халыққа қолайсыздық па? Шымкент және Леңгір қалаларының бір топ тұрғыны жол жиегіндегі қоршаулар орнатылғанына разы емес. Бірі қаржыны өзге мақсатқа жұмсау керек еді десе, енді бірі қауіпсіздік мәселесін айтады. Ал бұған жергілікті билік өкілдері не деп жауап береді?

Кей тұрғындар қоршауға қарсы

Леңгірге көлікпен бара қалсаңыз, назар аударыңыз, жол жиегінде қоршау орнатылуда. Ағаштан жасалған шарбақ сол бойда жасыл түскен боялуда. Бұл – Төлеби ауданы әкімі қызметіне жақында тағайындалған Бұхарбай Пармановтың бастамасы.

Қала көркін ашу ма әлде жергілікті халыққа қолайсыздық па...

Дегенмен, қаланы көріктендіру мақсатында қолға алынған игі бастамаға қарсылық білдіргендер де бар. Леңгірдің тұрғындары күнімізді әрең көріп отырғанда қоршау жасағанша, қаражат көп болса, өндіріс орындарын салып, неге жастарды жұмыспен қамтымасқа деп отыр.

«Қыста қылқан жапырақты ағаштарды кескен адамдарды бірінші рет көріп отырмын. Қаланы көріктендіреміз  деп, бұрын еккен ағаштарды қопарып, орнына жасыл шарбақты тізіп қойды. Оның не керегі бар? Гүл егеміз дейді жолдың бойына. Алдында жолдарды жөндеп, жаяу жүргіншілер жолын ретке келтіргеннен кейін-ақ осы жұмысқа кіріспей ме? Өз басым шарбақтарға қарсымын. Бұрын Леңгірде 9 кәсіпорын болатын, қазір бірде-бірі жоқ. Әкімдер мықты болса, кәсіпорындар салмай ма? Жұмыс бермей ме халыққа? Барлығы тентіреп жүр ғой.»

Дәл осындай жағдай Шымкентте де туындап отыр. Жергілікті тұрғындар Темірлан тасжолы бойындағы қоршаулар не үшін және кім үшін орнатылғанын білмей, дал болуда. Оларға сол маңдағы коммерциялық нысандардың қожайындары, жеке кәсіпкерлер де қосылған.

Қала көркін ашу ма әлде жергілікті халыққа қолайсыздық па...

«Неліктен мына қоршауларды орнатты? Нені жасырады, әлде, біз халықтан жасыратын нәрселері бар ма? Балаларымызды мына биік шарбақтардан көрмей де қаламыз. Көліктің қалай шыққанын да байқамай қаласыз. Ең сорақысы, қоршаудың артын адамдар әжетханаға айналдырған.»

Қала көркін ашу ма әлде жергілікті халыққа қолайсыздық па...

Ал қала әкімдігінің өкілдері бұл – қаланың көркіне нұқсан келтіретін көше бойындағы көлік жуу сияқты орындарды жабу мақсатында қолға алынған шара дейді.