Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерей тойы қарсаңында облыстың 15 ауданынан Елордаға азық-түлік тиелген арнайы керуен жіберілді. Картоп, қызанақ, қиярдан бастап күріш, пияз, үндік етіне дейін 40 түрлі өнім артылған 20 жүк көлігі, яғни 250 тонна жергілікті тауарларымыз Есілдің сол жағалауына жөнелтілді.
Қыркүйектің 28-29 жұлдызында Елордада болатын «Астанадағы оңтүстіктің күндері» атты жәрмеңкеде жерлестеріміз ондағы құннан 20-30 пайыз төмен бағамен 40 түрлі азық-түлік өнімдерін саудалап қайтпақшы.
Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы Қанатбек Оспанбековтың сөзінше, еліміздің өзге аймақтарына бұлайша азық-түлік өнімдерін аттандыру алғаш рет емес.
Бұған дейін де, Алматыға екі рет, наурызда және қыркүйекте осы сынды тауарларды жіберген болатынбыз дейді. Ал Тәуелсіздіктің 20 жылдығы тойына Оңтүстіктің ықыласын осылайша білдіргіміз келеді дегенді айтады басқарма басшысы.
Бұл Астанаға тартылған екінші сыйымыз екен. Біріншісі, Тәуелсіздіктің 10 жылдығында жіберілген болатын. Айта өткен жөн, отандық тауарлар құрамында қол өнерінен шыққан қазақша киімдер де бар. Жергілікті кәсіпкерлер Астанадағы жәрмеңкеде төл туындыларымызды да көрсетіп, саудаласақ деген ойда. Оған қоса, керуен құрамымен «Оңтүстікқұс» ЖШС-нің үндік еті жіберілді. Қ.Оспанбеков осы жол Астанадан үндік еті сатылатын дүкен ашылатынынан да хабардар етті.