Шымкент қалалық әкімдігі 24 қыркүйек — сенбі күні жасалған жалпы республикалық сенбілікте белсенділік танытқан тұрғындарға алғыс білдірді. 61 мыңнан аса тазалықшы қатысқан шарада шаһарымыз 1050 текше метр қоқыстан тазарыпты.
Баһадүр Нарымбетов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған сенбілікте 182 шақырым жол жиегі тазарып, 21 мыңға жуық ағаш түбі әктелді. Шаһардың тазалығын реттеуде бір кісідей атсалысқан қала тұрғындарына рахметімізді айтқымыз келеді. Сенбілікке 7 жастағы баладан 80-дегі қартқа дейін қатысты. Жақында өзінің ерекше белсендігімен көзге түскен ең жас және ең егде тазалықшымыз үшін қала әкімі Арман Жетпісбаевтың марапат қағазын бермекпіз. Жалпы республикалық шарада түрлі санаттағы мекеме ұжымдары да айтарлықтай еңбек етті».
Журналистермен болған баспасөз конференциясында Баһадүр Нарымбетов таяуда Грекиядағы бір полистің Шымкентпен бауырлас ел ретінде тіркелмекші болып жатқанынан хабардар етті. Мұны қала әкімінің идеология жөніндегі орынбасары шаһарымыздың күн санап көркейіп, халықаралық дәрежеге шыға бастауынының арқасында болып жатқан алғышартқа балайды. Алда келе жатқан қала күнінің сенбілігіне 100 мыңға жуық тұрғындар тартылмақшы екен. Шымкенттің туған күнін арнайы 10 күндік ретінде атап өтеміз деген ұйымдастырушылар шаһарда ол күндері қазақтың түрлі ойын-сауық дәстүрлері жасалатынын айтады.