Мектептегі өзекті тақырыптың бірі оқулық. Тәуелсіз ел атанып, көк байрағымыздың байтақ елімізде желбірегеніне 20 жыл толған болса да, экономикасы тұрақталған елімізде болашағымыздың негізі болып саналатын жас ұрпақтарымызға мектептерде оқулық пен оқу әдістемелік құралдары жеткіліксіз.
Қала тұрғындарының сөзіне сүйенсек көптеген мектептер бір оқушыны жыл бойына оқулық және оқу әдістемелік құралының 30 % мен ғана қамтамасыз етеді, қалған 70% өз қаражаттарына сатып алады. Қала базарларында тиісінше кез-келген оқулықтар мен оқу әдістеме құралдарының кез-келгенін қанша дана болса да, табуға болады. «Мұның себебі неде?» деген сұраққа біз жауап іздедік.
Ендігі кезекте қалалық білім беру бөлімінің бас маманы Үрзада Жұманқызының берген мәліметі бойынша жаңа оқу жылынан бастап тұрмысы төмен оның ішінде жетім, жартылай жетім және көп балалы отбасыларға, яғни мемлекеттік жеңілдікке құқылы оқубшыларға 4-6-11 сынып оқулықтары мен оқу әдістемелік құралдары толық тегін таратылады. Ол үшін үкіметтен 8 486 600 тенге қаражат бөлінген. Жақында мемлекеттік тапсырмасымен Білім және ғылым министрлігі барлық мектептерді 100 %-дық кітап қорынмен толықтыруды кезеңдік жүйемен жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Кезеңдік жүйе бойынша келесі жылға 4 сынып оқулықтарына 95%-ға тапсырыс беріліпті. Үкімет осылайша жоспар бойынша 2015 жылға дейін кезеңдік жүйені аяқтап, еліміздегі барлық мектептерде оқулықтар мен оқу әдістемелік құралдарын 100% тегін таратуға дайын болуы тиіс.
Оқулықтар әр төрт жыл сайын жаңарып тұратындықтан ата-аналар сатып алған оқулықтары кейінгі баласына жарамсыз болып қалады. «Сондықтан шамамен 700 тенгеге сатып алынған бір оқулықты мерзімі бітпей тұрғанда қайта сатуға тырысамыз. Бірақ 200 тенгеге сатылса қуанамыз» — дейді ата – ананың бірі Бейбіхан Сейдуллаева. Балаларының болашағын жарқын етуді көздеген әрбір ата-ана метеп талабына сәйкес оқулықтарды жаңартып отыруға мәжбүр.