«Мэри Кэй» компаниясы кардиоорталыққа аппарат сыйлады

260

«Мэри Кэй» компаниясы жүздеген шымкенттік балғындарға науқассыз жаңа өмір бастауға мүмкіндік сыйлап отыр. Компания мамандары облыстық кардиология орталығына портативті ультадыбыстық сканер әперді. Кішкентай Аружан 3 жаста. Бүлдіршіннің тума жүрек ақауы бар және даун ауруына шалдыққан. Аружанның науқасынан айығып, жаңа өмір бастауына зор мүмкіндік туып тұр. «Мэри Кэй» компаниясы облыстық кардиология орталығына портативті ультра дыбыстық зерттеу-сканер сыйлады. Енді дәрігерлер Аружанға күрделі қиындықтарсыз ота жасай алады.

«Баланың қабырға арасында ақауы бар. Денсаулық жағдайы орташа. Науқастың генетикалық ауруын ескере отырып, ота жасамақпыз. Жаңадан әкелінген портативті ультрадыбыстық зерттеу сканерінің арқасында сырқаттың ота жасау барысындағы бүкіл жйын бақылауда ұстайтын боламыз. Ота сәтті өтіп, бәрі де ойдағыдай болады деген үмітіміз бар,»-дейді дәрігер-кардиохирург Зарина Маханова.

Мұндай отаны шымкенттік ақ халатты абзал жандар бұрын да жасаған. Жаңа портативті ультрадыбыстық зерттеусканердің арқасында арашаланған өмірлердің қатары көбеймек.

Бекжан Перменов, кардиохирургиялық жан сақтау және анестезеология бөлімінің меңгерушісі: «Енді біз бала өміріне қауіп төндірместен ота жасай беретін болдық. Ультрадыбыстық сканер арқылы науқастың хал-күйін бақылап отырамыз. Бұрындары мұндай отаны біз орысшалап айтқанда «вслепую» жасайтын едік. Ол кезде отадан кейінгі күрделіліктердің болуы 7-10 пайыз еді. Міне жаңа құрылғымен ота жасалып жатқан науқасмтың жайын аппаратпен назарда ұстайтын болдық. Бұл да болса үлкен көмек. «Мэри Кэй» компаниясы мен «Аружан қайырымдылық қорына алғысымыз шексіз».

Ал кейбір балалар үшін ең қорқыныштысы артта қалды. Тума жүрек ақауы бар балаларға облыстық кардиология орталығының дәрігерлері отаны сәтті жасаған. Бүлдіршіндер емделіп, сауығып келеді.

«Дәрігерлерге де, осындай заманауи медициналық қондырғы алып берген компанияға да алғысымыз шексіз. Дертпен күресте бізді жеке қалдырып кетпей көмек қолын кәсіби де, қаржылай созып жатыр».

Дәрігерлер мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласына қолдау жасалынатындығын айтады. Бірақ дертке шалдыққан дәрменсіз жандарға жеке компаниялардың көлеңкесі түсе бермейді. Ең бастысы-адам өмірі емес пе?! Осыны естен шығармайтын қалталы азаматтар мен компаниялар көбейсе екен деген дәрігерлер тілегі де жоқ емес. «Мэри Кэй» компаниясының жылыжүректілігінің арқасында жүздеген сырқат сәби науқасынан айығатын болады.