Арыста ауыл жастары мұқтаж отбасыға баспана салып берді

126

Арыс қаласына қарасты Ақдала ауылының жастары мұқтаж отбасыға жаңа баспана салып берді. Ал қажетті жер телімін жергілікті әкімдік рәсімдеп берген.

Ақдалалықтар жаңа үйді асарлату дәстүрімен аз уақытта тұрғызған. Бұл игі іске тек жастар емес, ауылдың өзге де азаматтары да атсалысыпты. Яғни, ауыл жастарының бір легі іргетасын құйса, келесі легі кірпішін қалаған. Енді бірі ішкі және сыртқы жұмыстарын өз мойындарына алған. Осылайша жиһаз-мүлкімен, жарығы, суы қосылған төрт бөлмелі баспана мұқтаж отбасының қуанышына айналды.

Айта кетейік, бұл арыстықтардың жерлестеріне сыйлаған бесінші баспанасы.

Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, жаңа үйдің иесі – Өткелбаевтар отбасы. Отағасы денсаулығына байланысты ауыр жұмыстарға жарамайды. Бұған дейін жалдамалы пәтерлерде тұрып келген. Жаңа баспана иесі барша көмек қолын созған жандарға өз алғысын жаудырып, жасаған жақсылықтары еселеп қайтсын деген тілегін жеткізді.

Ауылдастардың басын қосып, ізгі істің бастамашысы болған Данияр Жақсылықұлының айтуынша, игі шара келесі жылы да жалғасын таппақ. Яғни, ақдалалықтар халқымыздың асыл дәстүрі – асарлату  арқылы тағы бір мұқтаж отбасыға баспана салып беруді жоспарлап отыр.