Оңтүстікте ерекше ота жасалды

599

Облыстық клиникалық аурухананың базасында бүгін телемедицина арқылы гинекологиялық ота жасалды. Ерекшелігі сол, лапроскопиялық әдіс бойынша жасалған отаны облыс аумағындағы аудандық орталық аурухана дәрігерлері онлайн жүйесі арқылы бақылап, үйрене алады. Науқас өткір пышақтың астына түспей-ақ, дендеген дертінен арыла алады.

34 жастағы келіншекті осы күнге дейін «аналық безінің кистасы» деген диагноз мазалап келген еді. Аталған ауру тек операциялық жолмен емделеді. Сондықтан, жоспарлы отаның кезегіне тіркелген. Ал бүгін жолы болды деуге болады. Себебі, ота ешқандай тілікті талап етпейді. Лапроскопиялық әдіс арқылы бір тамшы қансыз жасалады.

Дәрігерлер аталған отаның премьерасын тамашалады. Себебі облыста мұндай операция бұрын соңды болмаған. Сондықтан, аудандағы орталық аурухана дәрігерлері онлайн жүйесі арқылы көріп-біліп, үйренулері тиіс. Жақын арада барлық ота осылай жасалуы керек деп есептейді дәрігерлер. Себебі, техника дамыған заман. Әдісті әдеттегідей шетелдік мамандар үйретеді.

Марат Пашимов, ОКА бас дәрігерінің орынбасары: «Мәскеуден 2 профессор шақырылған. Попова мен Буянова. Оның мақсаты-мастер класста генекологиялық операцияларды лапроскопиялық әдіс бойынша жасау».

Міне, науқасты көптен бері мазалаған жылауық без яғни кистаның ізі де қалмады. Небәрі 10 минуттың ішінде бір тамшы қан шығармай, қалташалы ісік сылынып тасталды. Науқас бір аптадан соң жұмысқа жарамды. Ақпан айының соңына дейін аталған операциялар Мәскеулік мамандардың қолымен жасалатын болады.

Нұржан Махмудов ОКА гинекология бөлімінің меңгерушісі: «Ең ауыр оталарды жасайтын боламыз. Ол жатырдың төмен түсуі, аналық бездердің қабынуы, зәр жіберіп қою. Қынап ішілік асқынулардың барлығына біздің базада операция жасалады».

Игі істің жалғасы келесі аптада да жалғаспақ. Сондықтан, гинекологиялық дерттердің азабын ауыздықтай алмай жүрген әйелдерді күтеді мамандар. Ота жасау тегін.