Қалада көктемгі тазалық басталды

334

Шымкент қаласының басшылығы 17-наурызды  бүкіл қалалық сенбілік деп белгіледі. Дегенмен, шаһар тазалығына жауапты мердігер мекемелер өз міндеттерін орындауға бүгіннен бастап кірісіп кетті. Әл Фараби аудандық әкімдігімен келісім шартқа тұрған «Сусіңген» ЖШС-і 4 техника мен 40 жұмысшыны жұмылдырып, 200-ден астам ауланы реттеуді мойнына алды.

Қаладағы қайсыбір аулаға бас сұқсаң да қар астынан шыққан қоқысты көреміз. Мұндай жағдайға көпқабатты үй тұрғындары әлдеқашан үйреніп кеткен. Алайда, әрбір тұрғын өзі тұратын үйінің ауласындағы тазалыққа жауапты екенін сезіне бермейді.

Қала тұрғындарының тазалыққа деген немқұрайлығына бір ауладан екі жүк көлігімен қоқыс жинап шыққандар да көз жеткізді. Әсіресе, Әбдіразақов көшесіндегі ахуал жаға ұстайтындай дейді жұмысшылар. 250 мың тұрғыны бар ауданда 800 көпқабатты үй бар. Аудан әкімдігі осындағы тұрғындар жауапкершілікті сезініп, ең болмағанда 17-наурыздағы сенбілікке шықса игі деп үміттенеді.