Депутаттар көлік базарындағы сорақылықтың куәсі болып қайтты

308

Әр сенбі мен жексенбіде қала сыртындағы көлік базарында бірнеше жүздеген машиналар саудаға түседі. Біржолғы талон тарату орталығының мәліметі бойынша 2 мың талон таратылады. Құны 500 теңге. Оған базардағы орын үшін 1200 теңгені қосқанда көлігін сатқысы келгендердің қалтасы 1700 теңгеге қағылады. Әрине, ол өте көп дейді сатушылар.

Сатушы: «Базарға бір көлік кіргізсең 1700 теңгені төлеуге болар еді. Алайда шетелден көлік тасымалдаумен айналысатындар бірнеше көлік кіргізеді. Жеңілдік қаралмаған . Кейде машиналарды осында қалдырып кетуге мәжбір боламыз, оған да төлем төлеу қажет».

Бұдан бөлек, бұл базар оңай жолмен ақша табуды көздегендер үшін өте қолайлы орынға айналыпты. Кез келген жерге көлігіңді қойғаның үшін 200 теңгеден 500 теңгеге дейін ақша төлеуге тура келеді. Бір қызығы ол қаражаттар кімдердің қалтасын жылытатындығын ешкім білмейді. Сұраусыз және есепсіз теңгелер.

Көлік базарындағы тап осындай сорақыны көрген қалалық мәслихаттың депутаттары мемлекеттік қазыналық кәсіпорын құрып, осы сұрауы жоқ теңгелерді бюджетке түсірсек қайтеді деген ойменен қайтты.