Есімі елге белгілі Махамбет Сапарбаевтың әуес ісі — әйгілі футболшылардың суретін жинау. Оның мұражайында қазір 1,5 миллион сурет бар. Миллионнан астам чемпионның жеңісі екі бөлменің ішінде сақталған. Олардың кейбірі спорттан кетіп те қалған. Оңтүстік спортының тарихында өзіндік із қалдырғандары қаншама?! Мұның барлығын Махамбет аға 30 жылдан бері көзінің қарашығындай сақтап келеді. Тіпті әр суреттің түсірілген уақытын да есінде сақтайды.
Кейіпкеріміздің әуестігіне біздің де әуесіміз кетті. Сол себепті де белгілі спортшыдан сыр суыртпақтадық.
— Махамбет аға, мұндай әуес іске Сізді итермелеген қандай күш?
— Соңғы 30 жылдан бері осы екі бөлмедегі суреттердің барлығын біртіндеп өзім жинадым. Әр шегені өзім қағып, суреттердің орналасуын да өзім таңдадым. Ой, бұған қаншама күш жұмсалды ғой… Қаражатты да аямадым. Өйткені бұл тарих қой. Суреттегі әрбір азамат Оңтүстік тарихында өзіндік із қалдырған. Бұл есімдер естен шықпауы қажет. Мәселен, менің жәдігерлерім арасында кезінде «Синтез», «Меллиораторда» ептілік танытқан футболшылар бар, кейінгі қатарда олардың ұлдары бейнеленген. Ала допты қуалаған бірнеше ұрпақтың аяқдопшыларының суреттері рет-ретімен ілінген. Сондай-ақ, 30 жылдан бері Қазақстанның ұлттық құрама командаларында орын алған Оңтүстіктің спортшыларын да естен шығармадым. Мен облыстық футбол мектебін басқарып жүрген кезімде, әрбір жас ерекшелігіндегі футболшыларды суретке түсіріп, оларды осы мұражайдың қабырғасына ілуді жөн санадым. Ол кез Оңтүстік футболы үшін жемісті жылдар еді ғой. Әр кезеңде шымкенттіктер республикада топ жарып, чемпион атанып жүрді. Ал бұл суреттер біздің сол еңбегіміздің айғағы.
— Миллионнан астам суретті жинау үшін қаншама уақыт кеткенін бағамдау қиын емес. Ал қанша қаражат жұмсалғанын білуге болар ма екен?
— Әрине… Мен үшін кейінгі ұрпаққа үлгі ретінде осы азаматтардың есімін қалдыру үшін қаржыны да уақытты да аямау басты мақсат. Миллионнан астам суретке 2,5 миллион АҚШ долларын жұмсадым. Барлығы да өзімнің қаражатыма жасалды. Ұлым Қайрат мені қай кезде болсын қолдап, қаржылай көмек беруден шаршаған емес. Осының арқасында бұл мұражай жұмыс жасақталып келеді. Менің бұл мұражайымда спорт тақырыбына қалам, тартып жүрген тілшілердің де суреттері ілінген. Мысалы, «Отырар» телеарнасында қызмет еткен Ирина Лидің суретін іліп қойдым.
Махамбет Сапарбаевтің екі бөлмелі мұражайында суреттерден бөлек, түрлі Кубоктар және медальдар жиынтығына да көзіміз түсті. «Әрбір жүлдені жылдар бойы еңбектеніп таптық» — дейді елімізге еңбек сіңген спортшы. Расында, мұндағы әрбір кубок Оңтүстік саңлақтарының жеңісінің айғағы. Сол кездерді еске алып, бірқатар қариялар көзіне де жас алған кездерді Махамбет аға сөз арасында айтып та қалды. Кейде өткенді еске алып, дүние салған әріптестерін және командаластарын еске алу үшін футболшылар мен бапкерлер осы мұражайға жиналады.
Оңтүстік спортының 30 жылдық тарихына куә болғыңыз келсе осы шаңыраққа келіңіз. Шежіре суреттерге қарап тұрып кешегі күндерге сапар шегесін. Жеңімпаздарға күш-қуат, ерекше бір рух беретіндей. Мыңдаған медальдардың арасында Махамбет ағаның өзінің жеке жүлделері де бар. Бұл азамат қарапайым әуесқой жәдігер жинаушы ғана емес, спорттың үш түрінен өзі де талай белестерді бағындырған чемпион. Бастапқыда қазақша күреспен де шұғылданып, бірнеше рет жеңіс тұғырына көтерілген. Кейіннен былғары қолғап шебері де атанған. Бапкер ретінде де талай спортшыларды жаттықтырып, елге сіңірген еңбегі үшін ондаған төсбелгіге ие болған. Медаль, төсбелгілеріне де спорт шебері арнайы кілемше арнап, олар мұражайдың бір бөлігінен өз орнын тапқан. «Бұл менің уақытымды текке жұмсамағанымның белгісі», — деп қояды ағамыз сөз арасында. Сондай-ақ, спорт сүйер қауым оның ерекше талғамына сүйсіне қарап, стадионда шляпалы азаматты көрсе: «О, Махамбет аға келе жатыр!»- деп бірден танитын болған.
— Махамбет аға, басыңыздан шляпаңызды тастамайсыз. Бұл сән бе, әлде…
Шынымды айтсам, облыс футболын басқарып жүрген кезімде футбол алаңына жиі барып, бапкерлердің жұмысымен танысатынмын. Оның үстіне жас футболшылардың ептілігін де сынға салып, іріктеу жүргізетінбіз. Бір күндері байқасам, күнге күйіп бара жатырмын. «Күн өтеді ғой» деп жолдастарым ескерткен соң арнайы шляпа сатып алдым. Стадионға барған сайын басыма киіп аламын. Расында, пайдасы бар. Күнді қалқалайды. Сөйтіп, әдетке айналды. Кейіннен ел танып, «шляпалы азамат» деп атап кеткен соң менің имиджіме де айналды. Ал қазіргі кезде шетелге барған сайын бас киім сатып аламын. Кейде арнайы тапсырыс беремін де. Мұндай бас киімдер бізде жоқ деп сеніммен айта аламын. Түстері де әртүрлі. Сәттілік алып келеді деп сенемін.
— Жұрт Сізде 600 дана шляпа бар дегенді айтады? Бұл қаншалықты рас?
— О-о-о-о-о! Ел сәл-пәл асырып жіберіпті. Жарайды, сонша шляпасы бар деп ойласа, солай-ақ болсын! Мен бұл құпияны ашпай-ақ қояйын.
— Қуанышты сәттеріңіз көп болып, мұражайыңыздың даңқы асқақтай берсін! Әңгімеңіз үшін рахмет!
Сұхбаттасқан – Сарбиназ АЛДАБЕРГЕНОВА.