Жас суретшілер жемқорлық мәселесін креативті бейнеледі

28

Шымкентте жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында жас суретшілер арасында байқау өтті. Қылқалам шеберлері сайысына қалалық 13 мекемеден 127 қатысушы қатысты. Жас бейнелеушілерге шығармашылық қолдау беру үшін жүлде қоры қаралған. Өткір тақырыпта өткен байқауда жас буын қандай суреттер салды? Шығармашыл жастар жемқорлықты қалай елестеді?

Жемқорлық — қоғам дерті. Онымен күресу үшін әрбір адам өз үлесін қосу керек. Ал мұнда шымкенттік жас суретшілер жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында өз туындыларын бейнелеп жатыр.

Қырмызы Абдухалық жемқорлыққа қарсы жас суретшілер байқауында өз туындысына бүгінгі күндегі ең өзекті тақырыпты арқау еткен. Оның айтуынша, қазір әлеуметтік желілерде қайырымдылық жинайтын ұйымдар көп. Бірақ олардың басым бөлігі пиар жасап, жинақты мұқтажға толық жеткізбейді. Немесе тіптен бермейді, дейді. Және қылқалам шебері осындай құйтырқылықтарды әшкерелейтін видеолар шықса, олар бұғатталып, көпшілікке көрсетілмейтінін айтады. Осыған орай автор өз суретімен адамдарды қайырымдылық жасауда арандап қалмай, мұқият болуға шақырады.

Қырмызы Абдухалық, Әбілхан Қастеев атындағы қалалық өнер және дизайн колледжінің студенті: «Қазір қайырымдылық жинақтарының көбі көзбояушылық. Жиналған ақша тиісті орындарға жеткізілмейді. Ал нағыз мұқтаждар қиналады. Бұл мен үшін өте өкінішті. Бүгінгі байқаудағы өз суретіммен осы өзекті мәселені жеткізгім келеді».

Шығармашыл жас буынның жемқорлыққа қарсы арда түсінігін қалыптастыруға бағытталған байқауға 13 мекемеден 127 жас суретші қатысты. Сурет шеберлеріне тақырыпқа байланысты туынды тудыруға 90 минут берілген. Нәтижесінде екі санатқа топтасып сайысқан қатысушыларға орын бойынша жүлделер үлестіріледі. Жалпы жүлде қоры 450000 теңгені құрайды. Сонымен қатар арнайы дипломдармен де марапат қарастырылған.

Нұртөре Қалдыбаев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті привенция басқармасы басшысының орынбасары: «Бұл байқаудың басты мақсаты – жас буынымызды сыбайлас жемқорлық мәселелеріне назар аударту. Олардың шығармашылық этикаларын дамытып, барлық шығармашылық нысаналы топтарға қолдау көрсету. Сурет байқауын 2 топқа бөлдік. 14-16 жасқа дейін және 17-21 жасқа дейін».

Бұл байқауға қалалық Әбілхан Қастеев колледжінен 50-ден аса қатысушы келіп отыр. Студенттер жетекшісі тақырыптың өткір болғаны біз үшін қалыпты дейді. Себебі оқу орнында жас суретшілер түрліше тақырыптарға бойлайды екен. Алайда сабақтың жөні бөлек, байқаудың жөні бір бөлек деген жетекші, мұнда балалардың іштей өз деңгейлерін аңғарып, шыңдалатынын айтады.

Асылбек Тастанбеков, Әбілхан Қастеев атындағы  өнер және дизайн колледжінің бөлім меңгерушісі: «Студенттерге беретіні олардың сабақта жүргенде, сабақта салып жатқан суреттері ол бір бөлек. Ал енді мынау сыртқа шығып, жан-жақта басқа да мектеп пен колледждің студенттерімен араласа салғаннан кейін, олар өздерін, іштей деңгейін бақылайды. Өзіне сенімі артады».

Айта кетейік, бұл байқауда үздік деп танылған суреттер алдағы уақытта жемқорлық акциялары аясында көрмеге қойылуы мүмкін.