Мен күткен қыз

  • Әңгіме

 Ерсін Қойбағарұлының негізгі мамандығы дәрігер-психотерапевт. Адамға денсаулық пен рухани байлықты қатар сыйлап жүрген жазушының қаламынан туған «Балауыз шамдар», «Ем қонбайтын келіншек», «Махаббатым-ғайып еренім», «Кешір мені», «Бала мен қайыршы», «Күлгін түсті ғұмыр», «Тоқсаныншы жылдың жазы еді», » Жұлдызды түн», «Аңсау», «Доктор Арсений» сынды әңгімелері мен хикаяттары оқырман қауымның көңілінен шыққан дүниелер. Ерекең 16 кітаптың авторы. А. Фадеев атындағы Халықаралық сыйлықтың және алтын медальдің иегері. Жақында Ерсін Қойбағарұлы халықаралық «Алаш» сыйлығына ие болды. Қаламгерді осынау жетістігімен құттықтай отырып, оқырманға жаңа әңгімесінің бірін ұсынғанды жөн көрдік.

– Сіңлімнің: «Алматыны көргім келеді», дегеніне көп болып еді, – деді Рахима сабақтан қайтып келе жатқанымызда,-енді сәті түсті. Бүгін-ертең келеді. Жаңа жылды бірге қарсы аламыз, Құдай қаласа.

– Нешінші сыныпта оқиды?

– Сыныбың не?! Музыкалық училищені бітіреді келер жазда. Менен гөрі бойшаң, сендей жігітке қалыңдыққа да жарап қалады.

Рахима-көңіліне кірбің ұстамайтын, үнемі ағынан жарыла сөйлейтін, ашық-жарқын, ақкөңіл қыз. Екеуміз мединституттың табалдырығын бірге аттағалы биыл төртінші жыл. Бір-бірімізді өте құрметтеп, қатты сыйласқанымыздан басқа жақындығымыз жоқ. Сабаққа бірге барып-келіп, емтиханға да бірге дайындаламыз. Қысқы-жазғы демалыстарға шыққанда да әуелі Рахиманы ауылына шығарып салған соң ғана елге қайту қамына кірісемін.

Курстас студенттер бізді ерлі-зайыптыдай санайды. Сыртымыздан мың үйлендіріп, мың ажырастырып әлек. «Сен екеуіңнің тойларыңды күте-күте шаршадық қой»,-деген сөздерін де талай естідік. Алайда, жұбымыз жазылмай қанша бірге жүргенмен, Рахима екеуміздің арамызда махаббат сезімі тұтанған емес.

Кейде: » Рахима туыстарымның біріне тұрмысқа шығып, арамыз бұдан да жақындай түссе», – деп те ойланатынмын.

Бірақ, менде Рахимаға үйлене қоятындай туыс та жоқ. «Өзім-ақ сөз салсам қайтер еді? – деген ой келмепті маған. Оның себебін кейінірек түсіндім. Рахима екеуміз бір-бірімізбен ғашықтардай емес, аға мен қарындастай сыйласады екенбіз. Иә, ағаның қарындасқа, қарындастың ағаға деген ақ тілеуін тілеуші едік бірімізге біріміз. Сөйте тұра, кейде Рахиманы сүйгенімнен бетер қызғанушы ем. «Рахима бүгін пәлендей жігітпен киноға кетті», – дегенді естігенде, ішім удай ашитын. Ертеңіне-ақ Рахима кіммен қайда болғанын, не көріп, не істегенінің бәрін бүге-шігесіне дейін қалдырмай маған баяндайтын. Сол сәтте оған дән риза болушы едім. Оның жалған сөйлемейтініне, мені алдамайтынына кәмілмін.

– Сәлім, – деді бірде, – екеуміз бір-бірімізді өте қатты сыйлаймыз, бірақ, қаншама бірге жүріп-тұрсақ та ертең-ақ екі жаққа жол тартып кете барамыз ғой. Сені қимаймын. Тым құрыса бір жақыныма айналсаң етті. Бұл-шын сөзі. Өз ойымның үстінен түсіп тұр. Қимағанмен амал қанша?!

– Сәлім, саған сіңлімді таныстырайын… Сен, сөз жоқ, оған ұнайсың. Мақтауыңды әбден жеткізгенмін. Сыртынан дәріптемей-ақ қояйын, көресің ғой. Оның да саған ұнайтынына сенемін. О-о, екеуің өте бақытты боласыңдар! Құдай қаласа, Жаңа жылды бірге қарсы аламыз. Жатақхананың кіре берісіндегі кең вестибюлде Жаңа жыл балмаскарады өтіп жатыр. Ортада-мың құлпыра жалтылдап көз қарықтыратын сан түрлі ойыншық пен жұлдызша жыпылықтап, кірпікке қыпылықтай жанып-өшіп тұратын түрлі-түсті шамдармен безендірілген жасыл шырша. Төбеден төмен қарай тізілген, жапалақтап жауған қар іспеттес ақ ұлпалар. Эстрадалық оркестр дамылсыз ойнап, шыршаны айнала билеген студенттер ду-ду, ығы-жығы. Рахима қарымнан қысып жетелеген күйі құрбыларының жанына ертіп келді.

– Танысып қой, менің сіңілім. – Бойы өзіммен шамалас, екі көзінің айналасын ғана жабатын нықабы /маскасы/ бар, кең балақ шалбарлы қыз аса ілтипатпен иіліп, қол ұсынды.

– Сәлиман.

Үні қандай керемет?! Музыкалық училищеде оқыса, ән де салатын шығар, сірә.

– Сәлім.

– Қандай ұқсастық?! Аттас болуға аз-ақ қалыппыз. – Қыз сыпайы жымиды.

– Саған баяғыдан бері айтатын курстас досым, – деп нықтады Рахима.

– Очень приятно! – деді Сәлиман орысшалап.

Басымды изеп, ізгі ықыласымды білдірдім.

Сәлиман өте жеңіл қозғалады екен. Әуен ырғағымен тал-шыбықтай тербетіліп, сынаптай сырғып, иірімдей үйіріліп, шыршаны шыр айналып, құйындай орап, бір-бірімізге сүйеніп, елбіреп-желбіреп, шырадай жанған көзіміз мөлдіреп, бейне бір ұшып жүргендейміз.

Оркестр үні сап тиылған сәттерде сөздеріміз ұштасып, әңгімеміз жарасты. Әсіресе, арагідік биге шақырған жігіттерге Сәлиманның: «Менің өз жұбым бар», – деп, белімнен құшақтап, әлгілердің бетін қайтарып тастағаны маған майдай жақты.

– Сағат он екіге таяп қалды. Қане, біздің бөлмеге барып, Жаңа жылды қарсы алайық, – деді Рахима бір кезде.

– Біздікіне барайық, – дедім.

– Кімдер бар онда?

– Өзім-ақ.

– Басқалар қайда?

Бөлмеде үш жігіт тұратынбыз. Бірі-Алматы маңындағы ауылына, екіншісі жерлестері ұйымдастырған отырысқа кеткен. Екеуі де мені Жаңа жыл мерекесін бірге өткізуге шақырған. Оларды күтуге азын-аулақ дайындығым да бар еді. Қалайша жалғыз қалғанымды Рахимаға түсіндірдім.

– О-о! Онда сенің бөлмеңде-ақ қарсы алайық, – деді ол.

Сәлиман өзін емін-еркін ұстайды екен. Шампанға аздап коньяк қосып ішіп отырды.

– Енді бетіңізден нықапты шешіп тастасаңыз, – дедім жаймен.

– Шешек дағын жасырып отырмағаныңды көрсетші. – Рахима сіңлісінің нықабын алып қойды.

Сәлиман хор қызындай хас сұлудың нағыз өзі екен. Бояумен қоюландыра түскен қап-қара қасы қиылып тұр. Нұрлы жанарын жалт еткізіп, күлім қағып, даусын соза сөйлеп,

бір сәт көзін жұма қойып, кірпіктерін дір еткізгенде, тұла бойымнан ду етіп электр тоғы өткендей күй кештім. Рахима сияқты емес, еркелеу ме қандай өзі…?

– Сіз маған ұнайсыз. Рахима, сенің досыңды ұнаттым. Сол үшін ішейік, – деп айтып салды.

– О-о! Ол біздің Сәлім ғой, – деді Рахима.

«Пәлі, ұнатқанын әзірге жасыра тұрса қайтер еді!» – дедім іштей

Түнгі сағат екілерде оларды Рахиманың бөлмесіне шығарып салдым.

– Ертең бірге қыдырамыз. Бізге бармай-ақ қой. Өзіміз келеміз, – деді Рахима.

«Ех, Сәлиман, неткен ерке, нәзік жансың?! Сөз жоқ, екеуміз бақытты боламыз. Сен тек қана мендіксің. Менің бақытыма ғана жаралғансың, сол үшін ғана келгенсің дүниеге. Керемет сұлусың, Сәлиман. Актриса болуыңды қалар едім. Актриса боласың әлі. Кинолардан көремін сені. Сен де тамаша қызсың, Рахима. Күйеу балаң сені әрқашан да құрметтейді. Ал, сен оны әрқашан да сыйлайсың…»

Сәлиманды көз алдымда сан құбылтып жатып ұйықтап кетіппін. Ертеңіне есік қағылған дыбыстан ояндым.

– Әлі тұрмағансың ба? – деді Рахима.

– Тым қатты ұйықтаппын ғой. Кеш жатқандықтан шығар, – дедім.

– Бізден ұялмай-ақ қойыңыз. Киінгеніңізше қарамаймыз. – Сәлиман теріс бұрылды.

– Өзіңмен жеке сөйлесетін шаруам бар, жүрші, – деді Рахима мен киініп болған соң.

Екеуміз дәлізге шыққанда, ол; «Есікті қаттырақ жап», – деп ымдады. Есікті қайта ашып, қайта жаптым.

– Сәлиман ұнайды ма, шыныңды айтшы?

– Ұнағанда қандай!

– Ол саған ғашық. Сөз жоқ, екеуің бақытты боласыңдар, Құдай қаласа.

– Ім-м… Әрине…

– Бүгін оған Алматының қай жерін көрсетсек екен?

– Әуелі асханалардың бірінен тамақтанып алайық. Содан соң, «Арманға» барып, кино көреміз, аспалы жолмен Көктөбеге көтерілеміз. Одан кейінгісін жолай жоспарлай береміз ғой. Мен фотоаппаратымды қолтықтай шығайын. Суретке түсеміз.

– Жарайды. Тамаша!

Бөлмеге қайта кіргенімде, өз көзіме өзім сенбедім. Бойы менімен шамалас, жіңішке, аққұба өңді ашаң жігіт әлгінде ғана Сәлиман отырған орындықтан түрегеліп:

– Танысайық, менің атым Сүлеймен! – деп гүр ете қолын ұсынды. Рахиманың едендегі сөмкесінің үстінде ұлама шаш жатыр.

– Сәлиман…?! – дедім абдырап Мойнындағы галстугі мен костюмінің сол жақ төсіндегі «КСРО спорт шебері» деген белгіге көзім түскенде ғана амалсыздан қолымды создым.

– Сәлім, – дедім салқын ғана. Сүйгеніңнен қас қаққанша айырылып қалған қиын екен. Өзімді шыңырау түбіне құлдилап құлап бара жатқандай сезіндім.

-Менің жерлесім әрі сыныптас досым, – деді Рахиман. – ГИТИС-тің соңғы курсында оқиды. Қыздардың рөлін нәшіне келтіре ойнайтын актер. Бокстан спорт шебері.

***

Бұл кұнде Талдықорғанда тұратын Рахима мен Сүлеймен әр Жаңа жыл қарсаңында: «Күйеу бала, Жаңа жылды көзіңді ашыңқырап қарсы ал. Және бір спорт шеберіне соқтығысып жүрме!» – деп әзілдеп хат жазып, мерекемен құттықтайды. Оларға күйеу екенім рас. Тәлкек еткен ескі досыма сол мерекеден соң сенімін жоғалтып, іштей күйініп, әрі өкпелеп, көңілім жүдеп жүргенде, бөлмеме Сүлейменді ерте кірген Рахима:

– Жаңа жылда жұрттың бәрі де әзілдейді ғой. Бір наз қылығымызды көтере алмайсың ба? – деген.

– Мен сенен ондай мазақты күтпеген едім.

– Мазақ емес, Сәлім, әзіл ғой. Әлі-ақ айта-айта күлесің. Кеттік әуежайға, – деп қолымнан ұстап, есікке қарай тарта берді.

Рахиманың сіңлісі шынымен-ақ келіпті. Үшеуміз қарсы алдық.

– Ауа райының қолайсыздығынан ұшақ екі тәулік бойы ұшпады. Әйтпегенде, Жаңа жылды сіздермен бірге өткізетін едім, – деді ол.

– Сен уақтылы келгеніңде, Сүлеймен өзінің актерлік өнерін көрсете алмас еді. Сәлімді де өкпелетпес едік, – деп Рахима күлді.

Мына сөзге ішім бүлк еткен. Бірақ, Рахима түсінетін қыз ғой, менің неге өкпелегенімді әзірше сіңлісіне айтпайтынына сендім. Айтса да, екеуміздің арамыз жақындай түсетіндей етіп, дұрыстап жеткізер. Мені ғашық еткен «Сәлимандай» аса көрікті болмаса да, мына Сәлиман да сымбатты, ұяң қыз екен. Өте ұнады. Сол жылы жазда біз үйлену тойын өткіздік.

Жаңа жылды осылай қарсы алғанбыз.

Ерсін ҚОЙБАҒАРҰЛЫ