Кешегі аптада Жұмат Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрында республикалық “Наурыз — айтыс” өтті. Суырып салма ақындардың бұл жолғы сайысы Оңтүстік Қазақстан облысының құрылғанына 80 жыл толу мерейтойына арналды. Оңтүстікте 2004 жылдан бастап наурыз айы сайын арқалы ақындардың осындай жыр додасы өтеді. Осыған қарап-ақ, Наурыз мерекесі Оңтүстіктен басталады десек артық айтпағандық болар.
Екі күнге созылған айтыстың ақтық мәресіне еліміздің ең таңдаулы 21 ақыны – астаналық Айнұр Тұрсынбаева, алматылық Айсәуле Бейсенхан, Шығыс Қазақстан облысынан Әсем Ережеқызы, ақтөбелік Қайнар Алагозов, қарағандылық Мақсат Аханов, Ботагөз Мұхиддинқызы, павлодарлық Аспанбек Шұғатаев, Жамбыл облысынан келген Ахметжан Өзбеков, Батыс Қазақстанның тумасы Айнабек Бейсенғалиев, қызылордалық Жадыра Қазиева, Мұхтар Ниязов, Байқоңырдан Айдос Рахметов, Оңтүстік Қазақстан облысынан Маржан Есжанова, Қалижан Білдашов, Біржан Байтуов, Тұрар Тілеулиев, Нұрлан Есенқұлов, Нұрлыбек Мейірманов қатысты. Десе де биылғы өнер додасының ерекшелігі – сахна төрінде жас ақындардың көптеп шығуы болды. Айтыс үш кезеңде өтті.
1-кезеңде 11жұп айтысып, 6 жұп 2-кезеңге жолдама алды. Ақтық мәреде Әсем Ережеқызы мен Бекарыс Шойбеков, Мұхтар Ниязов пен Айсәуле Бейсенхан, Аспанбек Шұғатаев пен Нұрлан Есенқұлов, Айнабек Бейсенғалиев пен Маржан Есжанова, Қалижан Білдәшов пен Қайнар Алагөзов, Айнұр Тұрсынбаева мен Жарқынбек Наушабек айтысты. Бастысы, жиналған жұртшылық алдында іркілмей, астарлы сөзбен ақиқатты жеткізген от ауызды, орақ тілді ақындар халықтың көңілін серпілтіп тастады. Айтыстың басы-қасында әдеттегідей Жүрсін Ерман жүрді.
Айта кетерлігі сол, айтыссүйер қауым Біржан Байтуовтың өнеріне разы болғандарын айтып, 2-кезеңге жіберілмеуіне наразылық білдірді. Әйтсе де қазылар алқасының шешімімен Біржан бірінші кезеңнен әріге аса алмады.
Сондай-ақ, жас ақындар айтысы көпшілікке терең ой салды. Олай дейтін себебіміз, кейінгі жас толқын айтыскерлер сөз асылын саптауда шеберлік танытты. Мәселен, Аспанбек Шұғатаев пен Нұрлан Есенқұловтың кездесуінде Нұрлан табан астында тапқырлық танытып, Аспанбектің жаттанды жырларына тойтарыс бере алды. Республикалық айтысқа Нұрлан алғаш қатысып отырса да, өзінің осал ақын еместігін анық аңғартты. Жасыратыны жоқ, халықтың ойын дөп басып, әрдайым ұшқыр ойы мен қылыштан өткір жырымен ерекшеленетін Ақмарал Леубаева бұл жолы көпшіліктің көңілінен шыға алмады. Айтыс барысында халық қызылордалық Мұхтар Ниязовтың сауалына алматылық ақын Айсәуле Бейсенханның тосылып қалғандына да куә болды. Ең қызық айтыс Жарқынбек Наушабек пен Айнұр Тұрсынбаеваның кездесуінде болды. Ала шапанның әлегін жырларына арқау еткен ақындар, өлеңмен Наурыздың да қасиетін ұқтырып өтті. Ал әзіл-қалжыңмен жұршылықты өздеріне баурап алған Әсем Ережеқызы мен Бекарыс Шойбековтың айтысы ел аузында қалары анық.
Сонымен, республикалық “Наурыз-айтыста” Шығыс Қазақстаннан келген Әсем Ережеқызы бас жүлдені (1 млн.) жеңіп алды. 1-орынды (700 мың) жерлесіміз Жарқынбек Наушабек иеленсе, 2-орын (500 мың) Бекарыс Шойбековке бұйырды. Ал Мұхтар Ниязов 3-орынды (300 мың) місе тұтты. Облыс әкімінің арнайы жүлдесіне алматылық Айсәуле Бейсенхан лайық деп танылды. Жасындай жырларымен жарқырап шыққан жас ақын Нұрлан Есенқұлов «Көрермендер көзайымы» аталымын (180 мың) иеленді. Өзге де айтыскер ақындар ынталандыру сыйлығынан (100 мың) шет қалмады.
“Наурыз-айтыс” мәресіне жетісімен-ақ, редакциямызға хабарласқан оқырмандар көп болды. Ауыл-аудандардан келе алмай қалған оқырмандарымыздың сұрауы бойынша Бекарыс Шойбеков пен Әсем Ережеқызының айтысын назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
Бекарыс Шойбеков:
— Әсем-ау төксең маған шуақты арай,
Жаныңа жақындар ем жырақтамай.
Астананың суығы жаман деуші ед,
Аязды көрген қызсың бірақ талай.
Бірде Семей, ал бірде Астанада,
Аман-есен жүрсің бе құлап қалмай.
Шөре-мөре секілді қарағым-ау,
Бір орында тұрдың ғой тұрақтамай.
Ал енді қарсыласпен сынасасың,
Қимылдасаң әрине қыр асасың.
Жарқынбектің балдызы болған кезде,
Маған да бөтен емес, құдашасың.
Бекарыс түзде жортқан көк бөрі еді,
Көкбөрі тек өзіне серт береді.
Қазақтың бір мақалын білесің бе,
Біздерге байланысты боп келеді.
Құдашадан құр қалған сорлыларды,
Біздің халық тым қатты жек көреді.
Әсемжан қазынаңнан айналайын,
Бұл жолы құр қалдырып кетпе мені.
Әсем Ережеқызы:
— Семейден кетіп қалдың неге сен деп,
Айтқанын қара мына жақсы ағаның.
Ауылда туып, сыртта өмірі өткен,
Қазақта бар қаншама қасқа дарын.
Солардың қайсы бірін көріп едің,
Ұмыт қып туған жерін тастағанын.
Туылған Алатауда Елбасыңыз,
Арқаның төрінде отыр Астананың.
Көз көрген жақсылықтан үлгі тұтып,
Ойымды дұрыс шығар қостағаның.
Еліме мәртебе ғой туын ұстап,
Төрінен қоныс тепсем Астананың.
Біз жақта шықпай күйген қыс күндері,
Демалыс, қызметтен тыс күндері.
Оңтүстік — бар жаңалық сіз жақта екен,
Басыпсыз жазға қадам көшті ілгері.
Көктемнің хабаршысы жеткеннен соң,
Осында қалыпты құстың легі.
Ал суық Астанада азаймай тұр,
Демінен сезіледі қыздың лебі.
Арқа мен Алтайда онша жаңалық жоқ,
Ақ тонын шешпей жатыр үстіндегі.
Қонақ боп кеп жатқанда Қаратауға,
Бұлбұлдай елді аузыма қаратам ба
Алдыңа екінші күн келіп тұрмын,
Жұп болып Бекарыстай кәрі атаңға.
Кәрі атаң құдаша деп қырындайды,
Мен мұны маңайыма жолатам ба?!
“Құралақан қалдырып кетпе” дейді,
Мен сыйлық әкелгендей кәрі атаңға.
Қолдарың құр бекерге қайтпау үшін,
Не салу керек екен алақанға?!
Бекарыс Шойбеков:
— Әселжан сөзің түйдек төгетіндей,
Өлеңі лек-легімен келетіндей.
Астана әлі тонын шешпеді деп,
Жаңалық айттың бізге сенетіндей.
Ол жақта бүрсең қағып жаурап жүрсең,
Астанаң аса суық боп отыр ғой.
Құдашамыз суықты сылтауратып,
Құшағыма құлайын деп отыр ғой.
Айтыста ақын деген бар атағым,
Сөзімді қажетіме жаратамын.
Қолыма өзі келген құдашаны,
Қалайша басқаларға таратамын.
Алақанға не салу керек дейді,
Сен оған қам жемеші балапаным.
Қолыммен бұрымыңнан бір сыйпасам,
Ар жағын өлеңмен-ақ қаратамын.
Қолыңды тарт демесең болды маған,
Керегін өзі-ақ табар алақаным.
Әсем Ережеқызы:
— Шығады сұғанақтық міні қайдан,
Жақсы ғой боп кетпесе ұлы майдан.
Жарқыннан кеше әрең құтылып ем,
Басында бір тал шаш жоқ мыжырайған.
Қысық көз мына бәле қайдан шықты,
Шүйіріп мұрнын көкке тыжырайған.
Қолдарым өзі тауып алады деп,
Шығардың аяқ асты мұны қайдан?!
Қол салу онша жақсы әдет емес,
Құдеке қайтқаның жөн бұл райдан.
Ойпырмай өзі іздеп тауып алар,
Көз бар ма ед қолыңда да сығырайған?!
Айтыс туралы ой:
Әселхан Қалыбекова, қазылар алқасының төрайымы:
— Айтыс әділ өтті деп айта аламын. Әрине, бағалау жағына келетін болсақ, барлық айтыскерлер жақсы өнер көрсетіп, орнымен айтыса білді. Дегенмен, “жеңіс бар жерде – жеңіліс те бар” деген емес пе?! Шығыс Қазақстаннан келген Әсем Ережеқызының сөз саптауына тәнті болдым. Бекарыспен айтысқа түскен ол, аспай-саспай өз діттеген ойын бүкпесіз айтып отырды. Ең бастысы, қазақы ибадан асқан жоқ, керек кезінде ұтымды жауаптар да қайтара білді. Тіпті балдыз боп та, құдаша ретінде де әзіл-шынын араластыра айтқан сөздері сәтті шықты. Әсем өзін қай жағынан болсын таныта білді.
Жарқынбек Наушабек, 1-орын иегері:
— Айнұр екеуміз сахнада қарсылас болғанымызбен, өмірде жақсы достармыз. Сондықтан болса керек, айтыс барысында әзіл-қалжыңды жырымызға арқау етіп, халықтың ықыласына бөлендік. Өз бағасын алып үлгерген айтулы жүйрік Айнұрмен айтысқа шыққаныма қуанып та тұрмын. Сондай-ақ, бұл жолғы “Наурыз” айтыстың ерекшелігі – бұрындары мен де қобалжу сезімі бола бермейтін , ал дәл осы өнер додасында қобалжығаным рас. Бірақ халықтың алдына шыққан кезде мұндай сезім менмұндалап, тасада қалып қойды. Әрине, Алланың бұйыртқанымен менде бүгін биіктен көріндім. Барша жұртты алдағы Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, шаңырақтарыңызға шаттық толсын,-дегім келеді.
Нұрлан Әділханов, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталағының директоры:
— “Наурыз-айтысты» ұйымдастырып келе жатқанымызға бірнеше жылдың жүзі болды. Дегенмен, жылда Маржан Есжанова, Ақмарал Леубаева, Бекарыс Шойбеков секілді азулы айтыскерлерімізді шығарушы едік. Бұл жолы жаңа жас толқынмен шықтық. Алдын ала Төлеби ауданында іріктеу айтыс өткізіп, таңдаулы 5 ақынға жолдама берілді. Міне, осы жас ақындар да республикалық айтыста өз өнерлерін ортаға салды. Жүлдеден де кенде қалмады, таланттарын дәлелдеуде белсенділік танытты.
Гүлсара Өскенбаева, қала тұрғыны:
— Республикалық “Наурыз-айтыс» өтеді” дегеннен осы күнді асыға күттік. Жыл сайын Шымқалада өтіп жүрген дәстүрлі айтыс болғанымен, бұл жолғы айтыстан ерекше рухани ләззат алдық. Мәселен, Астанадан келген Айнұр Тұрсынбаева мен Сарыағаштың ақыны Жарқынбек Наушабектің, Шығыс Қазақстандық Әсем мен Бекарыс Шойбековтың айтысына таң-тамаша болдық. Расында, бұл айтыс тек менің ғана емес, барша елдің есінде қалатын айтыс болды деп ойлаймын. Қазірдің өзінде көпшілік қауым Айнұрдың ұтымды уәждерін жаттап алыпты. Енді, әр жылы көктем келісімен осы бір, жырдан шашу шашылар шараны күту бізге әдетке айналары анық. Сондықтан қазақтың төл өнерін дәріптеуде еш жалықпасақ екен деймін.