ОҚМУ оқытушылары бір күндік жалақысын Ордабасыдағы топансудан зардап шеккендерге аударды

Темірлан, Топансу

«Біздің күшіміз бірлікте!» М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері мен ұстаздар тобы Ордабасының орталығын басып қалған топансудан зардап шекендерге арнап осындай акция ұйымдастырды.

Оқу орнының ұжымы бір күндік жалақысын тосын апаттан баспанасыз қалған отбасыларға аударып, республикада бірінші болып жақсы іске ұйытқы болып отыр.

2 миллионнан астам теңге. М.Әуезов атындағы ОҚМУ-і ұжымының Темірланда топансудан зардап шеккендер үшін жинаған жылуы бұл. Ортақ күшті бірліктен тапқан ұжымның студенттері мұнан бөлек он күннен бері аудан орталығындағы су басқан үйлерге көмектесіп жатыр.

Жұмахан Мырхалықов, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің ректоры: «Темірланда болған табиғи апаттан кейін біздің университеттің әскери дайындық тобының студенттері ондағы халықтың хал-ахуалымен танысып қайтты. Қазір аудан орталығында он күннен бері біздің студенттеріміз тұрғындарға болысып жатыр. Мен Оңтүстіктің барша жұртын қысылтаяң сәтке тап болғандарға қол ұшын созуға шақырар едім».

Әзірге облыстық комиссия Темірландағы 6 үйдің құлап, 66 баспананың жарылғанын анықтады. Жазда аталмыш оқу орнының студенттерінен жасақталған құрылыс отряды оқиға орнына аттандырылып, құлаған үйлерді қалыпқа келтірмек. Мұндай ықыласқа, жалпы облыстың түкпір-түкпірінен жіберіліп жатқан әлеуметтік көмекке Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Құрманбеков дән риза екенін айтады.

Жалпы, ақпанда болған апаттан Оңтүстікте 12 аудан су астында қалып отыр. Тарата жеткізсек, 102 елді мекенді, 648 үй мен әлеуметтік саланың 41 нысанын тілсіз жау басып қалған. Сонымен қатар, 14 үй мен 28 шаруа құрылысы бұзылды, 85 үй мен 197 шаруа құрылысы қирайын деп тұр. 1 көпір мен жолдың 81 учаскесі бұзылды.

«Барлық таулы аймақтардағы айналма арықтар мен бөгеттерді нығайттық. Қажет деген шаралардың бәрін қолдандық. Дегенмен су қай жақтан келетінін топшылау мүмкін емес», — деді облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбеков.