Ордабасы футбол командасы жаңа маусымға жоспар құруда. Демалыс күні облыс әкімі оңтүстік аяқдопшыларымен кездесіп, биыл да жеңіс тұғыранан көрінулеріне тілектес екенін жеткізді.
Асқар Мырзахметов, ОҚО әкімі: «Мен футболда анау айтқан маман болмағанымен өзімнің өмірлік тәжірибеме сүйене отырып, кеңес берсем деймін. Ең бастысы алдыңа жоспар қойып, жан тәніңмен жеңісті межелеу қажет. Әр бір ойынға қарапайым ойын ретінде қарау дұрыс емес, әр бір матч сіздер үшін соңғы берілген мүмкіндік секілді болуы тиіс деп ойлаймын. Нақты бағдарлама болса, алар белес қалмас».
Наурыздың алтысы күні жергілікті құрама Суперкубок үшін қарағандылық шахтермен таласқа түседі. Ойын астанада өтеді.
Виктор Пасулько, «Ордабасы» ФК бас бапкері: «Облысымыздағы соңғы жаңалықтарға қарамастан бізбен кездесуге келгеніңізге алғысымызды білдіреміз. Бұл Кубок қазір оңтүстік жұртшылығы үшін өте қажет деп ойлаймын. Көңілдері бір көтеріліп қалар. Жеңісті қолдан жібермеуге тырысамыз. Ойыншылардың бүгінгі спорттық дайындығы да жақсы. Бұл кубок оңтүстік жұртшылығына кезекті рет қуаныш сыйлайтынына сеніммен қараймын».
Бұл ойыншылар ордабасының құрамын биыл толықтырған ойыншылар. Максим Жалмағамбетов, Арури Мохамед, Роман Пахолюк, Андрей Карпович және Владимир Джилас. Сондай-ақ, Румыниялық ойыншы Мансур Буйе командаға Астанада келіп қосылады.
Бағлан Ергешев, «Ордабасы» ФК спорттық директоры: «Оның құжаттарымен қиындау болды. Алайда бұл күндері бұл мәселе толығымен шешілген. Шабуылшының есімі Мансур Буйе. Румынияның көшбасшы командаларында ойнаған».
Футболшылардың қолтаңбасы бар допты клуб басшылығы облыс әкіміне сыйға тартып, биылғы маусымның жоспарын кейінірек нақтылай түсетінін алға тартты. Ал әзірге ойын алдында естелікке суретке түсуді олар жөн санап, жасыл алаңды облыс үмітін ақтай түсетініне уәде берді.