Шымкентке үкімет басшысының бірінші орынбасары Серік Ахметов келіп шұғыл жиын өткізді. Жиында ол Қазығұрт, Кентау, Төлеби ауданының әкімдерін тыңдап, аталған аудандарға Үкімет тарапынан барынша көмек болатынын жеткізді.

Ал ТЖ орын алған аудандарға атқарылып жатқан жұмыстардың тыңғылықты екендігін де айтып, қауіптің әлі беті қайтпағанын да тілге тиек етті. Сондықтан тиісті сала мамандары да, тұрғындар жағдайға салғырт қарамауын айтты.

Зардап шеккендерге көмек көрсетіліп жатыр деді Серік Ахметов. Алдағы уақытта да Үкімет жағдайды жіті бақылауда ұстайды.

Оңтүстік Қазақстан облысында елуден астам елдімекендерді су басқан. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов кеше кешкісін өткен облыс активінің отырысында осылай мәлім етті. Оның айтуынша «Су тасқынына қарсы жүргізілген жұмыстардың арқасында Оңтүстік Қазақстан облысының 9 ауданындағы 226 елді мекенінің тек 55-ін ғана су басқан».

Үкімет басшысының бірінші орынбасары Серік Ахметов қатысқан жиында облыс басшысы зардап шеккен тұрғындар үшін барлық жағдай жасалып, жататын орын, ыстық тамақ, басқа да тұрмыстық жағдайлар қарастырылғанын да атап өтті.

Облыста топан су басқан елдімекендерде қазіргі кезде 7 мыңдай сала мамандары, әскерилер және 350 техника жұмылдырылған.