Синоптиктер Түркістан облысындағы топан судың себебін түсіндірді

223
фото Ашық дереккөз

«Төлеби ауданындағы топан су туралы жергілікті әкімдік пен төтенше жағдайлар департаменті алдын ала білді. Бұл жөнінде оларға күн бұрын тағы да ескертіліп, дабыл қағылды. Бірақ сақтық шаралары сақталмай келген». «Қазгидромет» мекемесі Түркістан облысы бойынша филиалының мамандары осылай деп отыр.

Синоптиктердің сөзіне сенсек, әдетте көктем мезгілінде бір айдың тең жартысында жауатын жаңбыр небәрі 40 минутта жерге түскен. Нөсердің соншалықты жиі әрі көп мөлшерде жаууының себебі де жоқ емес. Синоптиктер табиғаттың бұл тосынсыйын Мақтаралдағы «Сардоба» су қоймасы бөгетінің бұзылуымен байланыстырып отыр.

Арайлым Тұрғынова

Арайлым Тұрғынова, РМК «Қазгидромет» Түркістан облысы бойынша филиалының инженер-синоптигі:»Сардоба» су қоймасы бөгетінің бұзылуы, сосын үлкен көлемді судың жерге жайылып кетуінде булану процесі өте жоғары болған. Сол булану процесінің нәтижесінде осындай көп мөлшердегі жауын-шашын жауды. Одан қалса, таулы аймақтарға бұлттың бәрі жинақталып, жаңбыр жерге көп мөлшерде жауған».

Синоптиктер дәл мұндай мөлшердегі нөсерлі жаңбыр алдағы күндері қайталанатынын қатаң ескертеді. Яғни, Түркістан облысының таулы аумақтарында жауын-шашынның артып, тағы да су тасқынының орын алуы және Арыс өзені арнасынан тасу қаупі бар.

«18-мамырға қарай  Түркістан облысы бойынша тағы да өте қатты жауын-шашын жауады деп күтілуде. Түркістан облысының Оңтүстік аймағы, Оңтүстік шығыс бөлігі,  оның ішінде таулы аудандар – Қазығұрт, Төлеби, Бәйдібек аудандарында нөсер болады. Бәйдібек ауданының кей жерлерін қоса алғанда қатты жауын-шашынның әсерінен су деңгейінің көтерілу қаупі бар», – дейді Арайлым Тұрғынова.

Мөлдір Бекеева