Тұрғын үйді жаңартуға қатысты түйіткілдер

Көпқабатты тұрғын үйлерді модернизациялауға қатысты оқырмандарымыздан келіп түскен сауалдарға ОҚО «Тәуелсіз Заңгерлердің» ҚБ-нің төрағасы Дінмұхамед Қылышбаев жауап береді:

 1-сұрақ. Сабира АСАНОВА, Шымкент қаласының тұрғыны:

Тұрғын үйді модернизациялау бағдарламасы бойынша жүргізілетін жұмыстар жоспарына біз тұрып жатқан үйді қосыпты. Бірақ біз оған қарсымыз. Себебі, тұрғындардың көбінің банкте онсыз да несиелері бар. Оған енді үйдің шатыры мен подьезін жөндеп бергені үшін тағы да несие алатын болсақ….не болғаны?! Мұндай жағдайда тұрғындар өз құқықтарын қалай қорғауы керек?

Жауап:

— «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 35 бабына сәйкес үй-жайлардың (пәтерлердің) иелері ортақ мүлік пен үйді ұстауға жұмсалатын барлық шығыстарға қатысуға міндетті, ортақ мүліктің және дара меншіктегі үй-жайлардың сақталуы мен қауіпсіз пайдаланылуына жауапты болады. Ал, өздерінің ортақ мүлігін жаңғыртуда кімнің қызметімен пайдалануға және қандай мердігерді таңдауға тұрғындардың жалпы жиналысында шешіледі. Яғни, егер үй тұрғындарының жиналысында үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелері жалпы санының көпшілік дауысымен ТҮКШ модернизациялау бағдарламасымен пайдаланбау туралы шешім қабылданса, онда оларды бұл бағдарламамен пайдалануға ешкім мәжбүрлей алмайды. Ал, егер жиналыста үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелері жалпы санының көпшілік дауысымен ТҮКШ модернизациялау бағдарламасымен пайдаланатыны жөнінде шешім қабылданса, бұл шешімді тұрғындардың барлығы орындауы тиіс.

2-сұрақ. Мақсат АЙТЫМБЕТОВ, Тәукехан даңғылы бойындағы үй тұрғыны:

— Үйімізді ТҮКШ арқылы модернизациялаудан өткізді делік. Бірақ, жөндеу жұмыстары бірнеше жылдан соң сыр беріп, сылағы көшіп, шатыры ұшып кететін болса, онын шығынын кім өтейді? Мұндай жағдайда кімге шағымдана аламыз?

 Жауап:

— Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 632 бабына сәйкес мердігердің орындаған жұмысы шарт ережелеріне, ал олар болмаған немесе толық болмаған жағдайда — әдетте тиісті тектес жұмысқа қойылатын талаптарға сай болу керек, және жұмыс сапасының тиісті дәрежеде болмауы үшін мердігер Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 635 бабында көзделген жауапкершілікке тартылады.

Сондай-ақ, мердігерлік шартында жұмыс сапасына кепілдік мерзімі көзделуі мүмкін. Ал, егер кепілдік мерзімі көзделмесе және мердігердің қасақана жасырын кемшіліктері анықталса, тапсырысшы жұмысты қабылдаған күннен бастап үш жылдың ішінде мердігерге хабарлауға және бұл кемшіліктерге қатысты жұмыс сапасының лайықсыз болуына байланысты талап-арыз қою арқылы сотқа арыздана алады және сот тәртібімен шығындарды өндіре алады.

 3-сұрақ. Күлімхан, «Теріскей» ш/а тұрғыны:

— Біздің үйдің тұрғындары модернизациялаудан өткізуге қуана келісіп отырмыз. Осылайша шатырымызды, жертөлемізді жөндетіп алмақшымыз. Есік-терезесі жоқ подьезді де жөндетсек дейміз. Бірақ, ол үшін қайда, кімге барып өтініш беру керек?

 Жауап:

— Егер үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелерінің көбісі өздерінің тұрып жатқан үйді Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың

2011 – 2020 жылдарға арналған бағдарламасына сай модернизациялаудан өткізуге келісетін болса, онда Сіздер өздеріңіз тұрып жатқан мекен жайыңыз бойынша жергілікті атқарушы органға барып, өтініш бере аласыз.

 4-сұрақ. Сәкен Жүнісбеков, А.Асқаров көшесінің тұрғыны:

— Өзіміз тұрып жатқан үйді модернизациялау бағдарламасы арқылы жөндетпек болып әкімшілікке барсақ, ондағы Тұрғын үй басқармасы: «Сіздердің үйлеріңіз жоспарды жоқ. Біздің жоспарымызда қала бойынша тек 35 үй ғана» дейді. Сонда ол жоспарға кіру үшін не істеуге болады?

 Жауап:

— Әкімшіліктегі Тұрғын үй басқармасы Сіздердің өтініштеріңіз бойынша үйіңізді Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011 – 2020 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес жоспарға енгізуі тиіс. Өйткені бұл бағдарлама 2011-2020 жылдарға арналған және Үкіметпен бекітілген. Тұрғын үй басқармасының мұндай жауап қайтарғаны және тұрғын үйіңіздің жоспарға кіру мәселесі жөнінде Сіздер Қазақстан Республикасының құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық Агенттігіне шағымдануыңызға болады.