Шымкенттегі көпқабатты үйлердің қасбеті жаңалануда

828
Темірлан тас жолындағы №34 үй

Темірлан тас жолы бойындағы №34 көпқабатты үйдің қасбетін жаңалау жұмысы жүргізілуде. Құрылысшылар жұмысты осы аптада аяқтаймыз деп отыр. Айта кететін жәйт, құрылыс жұмыстарын «Энергоэксперт» серіктестігі өз қаражаты есебінен жүргізуде.

Батырхан Еділов, «Энергоэксперт» ЖШС-нің директоры: «Өткен аптада бастадық, екі үш күнде аяқтаймыз. Алматыда өндірілген бояулар пайдаланылуда, сапасы жақсы. Эскизді қала әкімдігіне қарасты тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық бөлімі берді. Сол бойынша  бояп жатырмыз. Балкондары қоңыр,, қабырға   ақшыл сары түс. Әсем көрінеді».

Көпқабатты үйлердің тұрғындары ортадан қаражат жинап, тұрып жатқан баспаналарының қасбетін әрлеуге шамасы келмейтінін ескерген жергілікті билік бұл жұмысқа кәсіпкерлерді тартқан. Бұл бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асқан игі бастамалардың бірі.

Аманқұл Күмісбек, қала тұрғыны

Аманқұл Күмісбек, Темірлан тас жолы №34 үйдің тұрғыны: «Құрылысшылардан «қоңыр  түспен бояңдар деп  тапсырған кім?» деп сұрадым. Олар қала әкімдігінің тапсырысы бойынша деп отыр. Түсі өте ауыр, бұл күре жолмен жүретін жүргіншілер көп, меймандар  көп өтеді. «Президент трассасы ғой».  Үйдің алдындағы бағдаршамға қаншама көліктер тоқтайды. Түс деген адамға көтеріңкі көңіл сыйлауы тиіс. Ал мына  қоңыр түс  өте ауыр. Сәулетшілермен келісіп жасау керек пе?»

Желтоқсан көшесіндегі үй

Қала әкімдігі бекіткен эскиз бойынша былтыр орталық көшелердегі үйлердің қасбеті жаңаланған болатын. Желтоқсан көшесіндегі қатар орналасқан үйлердің бірінде биыл ақау орын алған. Шұрық-тесік шатырдан су аққан. Егерде былтыр құрылысшылар жұмысқа кіріскенде тұрғындар шатырды жаңалағанда мұндай келеңсіздікке жол берілмес пе еді?

Тәукехан даңғылы мен Байтұрсынов көшесінің қиылысындағы үй
Тәукехан даңғылындағы үйлер

Дәл осындай жағдай Тәукехан даңғылы бойындағы үйлерден байқауға болады. Шатыры жөнделмегені былай тұрсын, сылақтарын талаптарға сәйкес жөндемесе ешқандай бояу ұзаққа шыдас бермейтіні анық. Өткен ғасырдың ортасында іргетасы қаланған үйлер бүгінде тозығы жетіп ескірген. Қала әкімдігі осындай үйлердің қасбетін кәсіпкерлердің көмегімен реттеп алуды биылда жоспарлауда. Қалалық ТҮКШ бөліміне 7 үйді жөндеу міндеті жүктелсе, қалалық құрылыс бөліміне 11  көпқабатты үй бекітіліпті.