Әкімдікпен виртуал-байланыс

197

Жыл басында Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі жанынан бірыңғай ақпараттық орталық ашылды. Яғни, қала тұрғындары туындаған сұрақтарын, әкімдік тарапынан шешілетін мәселелері мен ұсыныстарын үйде отырып-ақ Call-орталық, диспетчерлік бөлімге хабарласып немесе WhatsApp, Instagram, Facebook парақшаларына жазып қалдыра алады. Оларды кім қабылдайды? Әрбір сауалдың жауабын беру, мәселені шешу ісі қандай қадамдардан өтеді? «Ақпаратты Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында билік пен бұқараның арасындағы қарым-қатынаста it мүмкіндіктерін қолдануға бағытталған әрекеттер аясында мұның жай-жапсарын бағамдап көрдік.

Шымкент қалалық баспасөз бөлімінің бас маманы Ақбота Оспанның айтуынша, әкімдікте диспетчерлік бөлім, call-орталық, уатсапп бұрыннан бар. Тек әрқайсысы әр бөлімге бекітіліп, қоңырауларды қабылдап алатын қызметкерлер жан-жақта отыратын.

Ал қазір барлығы бір жерге орталықтандырылып, жұмыс бір жүйеге түсіпті. Қала тұрғындары әкімдіктің бір бөлімінен екіншісіне әуреленбей, өздеріне қажетті ақпаратты біздің орталықтан алады,дейді Ақбота Оспан. Ендеше әр қызметтің жұмысына жеке-жеке тоқталып, бағамдап көрелік.

 Мазалайтын мәселе жетерлік

Диспетчерлік қызмет. Басқа қызмет түрлерінен басты ерекшелігі – 24 сағат бойы жұмыс істейді. Орталықта бұл қызмет түріне 4 маман бекітілген. Олар ауысыммен қоңыраулар қабылдайды. Ақбота Бихожақызының сөзінше,, диспетчерлік қызмет көрсету бастапқыда тұрғындардың коммуналдық-шаруашылық мәселелері жөнінде хабарласуы үшін құрылғанымен, қазір басқа да салаларға қатысты арыз-шағым, ұсыныстарды қабылдайды. Сондай-ақ анықтамалық қызмет көрсетеді. Кез келген мемлекеттік органдардың мекен-жайы, телефон нөмірлерін де білуге болады. Биылдың төрт айында 1920 қоңырау түскен. Дені электроэнергия, ауыз су мен табиғи газға қатысты арыз-шағымдар екен. Сондай-ақ көшелерді жарықтандыру, апатты жағдайлардың алдын алу бойынша да үздіксіз қоңырау түсіпті.

Мысалы, ауа-райының қолайсыздығынан ағаштар құлап қалды, жарық сымдары үзіліп кетті, су басты деген мазмұнда хабарласатындар көп. Сондықтан төтенше қызметкерлерімен тығыз жұмыс жасаймыз,дейді Ақбота Оспан. Ддиспетчерлік қызмет көрсету тағы Әл-Фараби ауданы әкімдігінде де жұмыс істейді.

Call-орталық. Бұл қызметке бір маман бекітілген. Оператор тек жұмыс күндері, 8 сағат телефон қоңырауларын қабылдайды. Call-орталықтың негізгі қызметі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдарына қатысты арыз-шағымдарды тіркеп алу болғанымен кез келген салада көмек береді. Ескертетін бір жәйт, Call-орталыққа ұялы телефон нөмірінен хабарласу – ақылы. 2018 жылдың 4 айында 497 қоңырау келіп түсіпті.

 Ақбота Оспан, Шымкент қалалық баспасөз бөлімінң бас маманы: «Бізге қоңырау келіп түскеннен кейін, сұрақтар мен мәселелер тіркеліп, хабарласқан тұрғынның аты-жөні жазылып алынады. Егжей-тегжейлі сараптап, сұрақтарды тікелей әр әкімдіктің халықпен жұмыс жасау бөліміне жібереміз. Олар тиісті құрылымдық бөлімдерге, сол сауалмен айналысатын маманға жолдайды. Біз тұрғынның проблемасының ауыр-жеңіліне қарай құрылымдық бөлімдерге орындау мерзімін белгілейміз. Бұл мерзім жайлы тұрғындарды да ескертеміз. Егер біреу хабарласып «үйінің ауласында қоқыс жәшіктері тазаланбай, толып қалды» десе, сол күні шешілу керек. Егер бір көшеде жарық өшіп қалып, жарықтандыру керек болса, 1-2 күнде, ал жолдарға қатысты кемшілік болса, мерзімді ұзағырақ етіп береміз және тұрғынды сабырлылыққа шақырамыз. Мәселе шешімін тапқанына дейін бақылауымызда болады»

Әкімнің өзі тексереді

Әкімдіктің WhatsApp қызметіне хабарламалар толассыз келеді. Ақбота Оспанның сөзінше, бұл қызмет түрі әкімдік қызметкерлеріне тұрғындардың не айтқысы келгенін анық көруіне мүмкіндік береді. Себебі WhatsApp нөміріне фото, видео жіберуге болады. Қандай да бір келеңсіз жағдайдың куәсі болып, сол оқиғаны фотоға түсіріп, операторға жіберсеңіз, мәселе шешілгеннен кейін сіздің WhatsApp нөміріңізге фото-есеп жұмыстың нәтижесін көрсетіп, фото-есеп жібереді. Бұл қызметтің пайдасын көргендердің бірі – Әбіл Балымбеков.

Әбіл Балымбеков, қала тұрғыны: «Ахмет Байтұрсынов көшесіндегі 59А үйінде тұрамын. Ауламыздың алдында сынған бұтақтар, артық темір-терсек пен қоқыс үйіндісі жиналып қалған еді. Бірден әкімдіктің WhatsApp қызметіне ауланың фотосын мен мәселені жазып қалдырдым. Коммуналшылар сол күні келіп тазалап кетіпті. Жұмыста отырғанымд жаңа ғана қоқысқа толы жердің тап-таза тұрған фотосы келді. Қуанып қалдым. Алғысымды айттым»

WhatsApp-қызметінің операторы хабарламаларды жұмыс уақытында ғана тіркеп алады. Жыл басынан бері әкімдіктің WhatsApp қызметінің операторы 2 мыңнан аса сұрақ қабылдап алған.

WhatsAppтан кейінгі белсенді әрі қаралымыы көп байланыс қызметі, ол – Instagram әлеуметтік желісі.

Атқаратын міндеті алдыңғы қызмет түрімен бірдей, бір ерекшелігі әкімдіктің Instagram аккаунтымызға тіркелген тұрғындар мәселе, ұсыныстарын жолдаумен қатар, қаланың тыныс-тіршілігі, болатын іс-шаралар жоспары және түрлі хабарландырулар жайлы біле алады. «Тұрғындар дайын болсын» деп, жарық пен судың не газдың өшірілетіні, жолдың жабылатыны туралы хабарландырулар алдын ала айтылады. WhatsApp нөміріміз бен Instagram аккаунтымызға келіп түскен хаттар арнайы кестеге тіркеледі. Оны қала әкімі күн сайын өзі оқып, қадағалауына алады дейді,дейді Ақбота Оспан. Әкімдіктің Instagramына 4 айда 1545 сұрақ келіп түскен.

Instagram: akimat.shymkent

Facebook: www.facebook.com/akimat.shymkent

(Facebookтың іздеу жолағына «Шымкент қаласы әкімдігі» деп жазып, іздеуге болады)

Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайты: shymkent.gov.kz

Әкімдіктің Facebook әлеуметтік желісінде де парақшасы бар. Сонда бекітілген оператор да фото, видео, хабарлама қабылдап, оларды тез арады тиісті бөлімге жіберіп, мәселені шешуге атсалысады. Түрлі хабарландырулар мен болып жатқан жаңалықтарды жариялау ұмыт қалмайды.

 Ай сайынғы мониторинг

Ай сайын барлық қызмет түрлеріне келіп түскен хабарламаларға мониторинг жүргізіледі. Соңғы айдағы мониторинг қорытындысы бойынша, су, газ, жарық мәселелеріне қатысты сауал, арыз-шағым көш бастап тұр.

Одан кейін:

тазалық және абаттандыру бойынша;

жол жөндеу және жер қазба жұмыстары;

ашық құдықша, ирригация;

балабақша, үйге кезекке тұру;

жылу беру мәселесі;

қоғамдық көлік және т.б. мәселелер туындаған.

Ақбота Оспанның туындаған түйткілді мәселелерді басымдығына қарай сараптап, сол сауалдарға жауап беретін бөлімдерге хат жіберіліп, әр сала бойынша тұрғындармен кездесу ұйымдастырылады екен. Бұл қала тұрғындарына сұрақтарына торлыққанды әрі сапалы жауап алуына мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Ақпаратты Қазақстан-2020 бағдарламасы аясында мемлекеттік құрылымдар мен бұқараның арасында байланыс орнату үшін Шымкент қаласы әкімінің сайтында виртуалды қабылдау қызметі қосылған. Сонда тұрғындар өз ұсыныс, пікірлері мен сұрақтарын қалдырады.

Жоғарыда айтылған қызмет түрлерінен бөлек, әр ауданда халықпен жұмыс бөлімі бар, кез келген тұрғын тікелей хабарласып көмек алуына болады. Халықпен жұмыс бөлімдері жұмыс күндері 8 сағаттан қоңырау қабылдайды.

 Instagramда байқау ұйымдастырады

Бірыңғай ақпарат орталығы тек мәселелер қабылдаумен шектелмейді. Тұрғындарға жақсы көңіл-күй сыйлау және белсенділігін арттыру мақсатында игі шаралар да атқарылады. Мысалы жуырда әкімдіктің Instagram парақшасында екі бірдей байқау жарияланып, жеңімпаздар анықталды. Біріншісі – қалада жайқалған қызғалдарқтармен бірге түсірілген үздік фотосурет. Тұрғындар 10 күн ішінде қызғалдақпен суретке түсіп, қалалық әкімдіктің Инстаграм әлеуметтік желісіндегі Direct арқылы жолдады. 500-ден аса фото жолданыпты. Сұрыпталған 10 фото көпшіліктің дауыс беруіне жіберілді. Соның ішінен үздік 5 фотосурет дауыс беруі арқылы таңдалуы керек еді. Бірақ тұрғындардың қалауымен 6 үздік фотосурет анықталып, жеңімпаздардың суреттері қаланың ең көрікті жеріндегі баннерлерге ілінді. Екіншісі – 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне ұйымдастырылды. Байқау шартына сәйкес қатысушылар Қазақстанда өмір сүретін түрлі ұлттардың ұлттық киімін киіп, фотосуретке түсіп, жолдайды. Бұл байқауда да жеңімпаздар анықталды. Жеңімпаздардың суреттері қаладағы баннерлерге ілінеді.

Шымкент қаласындағы аудандардың халықпен жұмыс бөлімдерінің тел:

Әл-Фараби ауданы: 54-96-54;

Еңбекші ауданы: 43-31-09;

Қаратау ауданы: 42-10-21

Абай ауданы: 56-25-75

Ақбота Оспан тағы бір ерекше акцияға тоқталып өтті. Таяуда әкімдік инстаграм да «Әкімге сұрақ» атты бір айлық жобасын ұйымдастырған еді. Қолданушылар #әкімгесұрақ хештегімен Инстаграм әлеуметтік желісінде қала басшысына сұрақтарын қояды.

Ақботаның айтуынша 1 күнде 300-ге жуық сұрақ пен арыз-шағым жарияланыпты.

Барлық құрылымдық бөлімдерден мамандарды жинап, арнайы топ құрылып, әр сұраққа жеке-жеке қарастырдық, әкімнің өзі қадағалап отырды, тіпті, кейбір нысандарды өзі аралады,дейді баспасөз орталығының бас маманы. Аталған жобалар әкімдік қызметкерлері және қала басшысының бірлескен идеясы негізінде туындаған.

Әкімге сұрақ жолдағандардың бірі – Саманта Жұлқышева. Ол «өтінішіне тез арада жауап аламын» деп ойламаған.

Саманта Жұлқышева, қала тұрғыны:

«Қатты жел тұрған еді. Содан болар онкологиялық диспансер аялдамасындағы хабарландыру тақтайшасының темірлері шығып, ілініп тұрды. Соны көріп, бірден онкологиялық сырқаттары бар адамдарды ойладым. Олардың денесіне ешқандай физикалық зақым келтіруге болмайды ғой. Сөйттім де #әкімгесұрақ хештегімен жолдап жібердім. Шыны керек, жауап келеді деп ойламадым. Бірақ араға 3-4 күн салып инстаграмыма бұл мәселенің шешілгені жайлы хабарлама және фотоесеп келді. Сынық темірлерді қалпына келтіріп қойыпты»

Бұл тек бір ғана мысал,дейді Ақбота Оспан. Айтуынша, бірыңғай ақпараттық орталықтың жұмысы бұдан да күшейтіліп, тұрғындарды қуантатын жағымды жаңалықтар көп болады екен.

ГАЗЕТ АНЫҚТАМАСЫ:

Шымкент қаласы әкімдігінің диспетчерлік қызмет тел: 53-00-15, 53-98-61;

Әл-Фараби аудандық диспетчер бөлімі: 54-96-54;

Call-орталық: 545-545;

WhatsApp: 87778858513;

 

Әлия ӘДІЛБЕК

«Оңтүстік Рабат» газеті

Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде

осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті