О, жалған дүние-ай!
Ғалым-сыншы, филология ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық ҒА-ның корреспондет мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, академик Рахманқұл Бердібаевтың дүниеден өткендігі туралы бүгін таңертең хабар келіп жетті.
Рахманқұл аға ең алдымен кең жүректі азамат, өз ұлтының дара туған перзенті еді. Қазақ әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқаны былай тұрсын, әдебиеттің шын жанашыры болды. Ұлы Абайды өзге қырынан танытқан ғалым Абай шығармаларындағы халық мақал-мәтелдерінің, шешендік сөздердің, аңыз-әңгімелердің жиі кездесетіндігіне ерекше мән берген-ді.
«Көзқамандар мәңгүрттең де қауіпті» дегенді де осы Рахманқұл ағамыз айтып еді-ау. Онысы бүгін келер ұрпаққа жасаған ескертуі, «ойлан, қазақ» дегені екен ғой.
Рахманқұл Бердібаев 1927 жылы 2 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданы, Көкіш ауылында дүниеге келген.
Түркістан педучилищесін, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, Қызылорда пединститутының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітірген. Еңбек жолын Ащысай кентіндегі орта мектепте мұғалім болып бастады. Сосын мектеп директоры, аудандық білім бөлімінің инспекторы болған Рахманқұл аға 1955—1959 жылдары республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде әдеби қызметкер, сын бөлімінің меңгерушісі болды.
Оның әдебиет тарихы және теориясы мәселелері бойынша «Әдебиет пен өмір», «Роман және заман», «Қазақ әдебиетіндегі замандас бейнесі», «Қазақ совет әдебиетінің қалыптасуы», «Дәстүр тағылымы» тәрізді кітаптары, «Қазақ романы», «От легенды к роману», «Қазақ тарихи романы», «Тарихи роман», «Мұхтар шыңы» монграфиялары мен шығармалары қазақ әдебиетін дамытуға қосқан өлшеусіз үлесі еді.
Оның қаламынан туған «Жастық кешуі», «Солдат сыры», «Фарида» атты әңгімелер мен повестер жинақтарын оқырман қауым әлі де іздеп оқиды.
Жазушы, сыншы, әдебиет зерттеушісі ғана емес ол өз оқырмандарына, өнер сүйер қауымға қазақ фольклорын зерттеуші ретінде де таныла білді.
Кейінгі жылдары ғалым түрік тілі, түркі дүниесі жайлы көптеген еңбектер жазды. Сол үшінде талай марапатқа ие болды.
Астанадағы, Алматыдағы жайлы орнынан елге, Түркістанға келіп, осындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде ауыл балаларына дәріс беруі, кейінгі ұрпақпен мол, бай мұрасымен бөлісуі ғалымның ғұламалығын, парасаттылығын, өз ұлтына деген шексіз сүйіспеншілігін анғартса керек-ті.
О, жалған дүние-ай, дейміз де… Қазақтың қайталанбас тұлғалары дүниеден өтіп жатқаны қинайды. Олардың орнын басар тұлғаның әлі жоқтығы өкінішті.
Бақұл бол, аға! Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болғай!
«Оңтүстік Рабат» газеті мен «Отырар» телеарнасының ұжымы марқұмның отбасына, туған-туысына қайғырып көңіл айтады.
Марқұммен қоштасу рәсімі сәуірдің 5-і күні, Түркістан қаласында өтеді.