17-сәуір — бүкіләлемдік Жер-Ана күні. Дәл осы күнді облыстық экологиялық орталық атап өтті.
Облыстық білім басқармасының жоспарына сәйкес экологиялық тәрбие негіздерін қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарымызды ұқыпты пайдалану жөнінде мектеп оқушылары арасында Жер-Ана күніне арналған шығармалар мен сценарийлер сайысы осыдан екі ай бұрын бастау алған. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын байқаудың тақырыбы өзгергенмен, мақсаты сол қалпында.
Аталмыш байқауға облысымызға қарасты барлық аудан-қала мектептерінің оқушылары қатысқан. Айтпақшы, ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл байқауға тек Түркістан мен Арыс қаласының мектептері тыс қалыпты. Себебі белгісіз.
Хош, сонымен шығарма байқауына 69 туынды келіп түскен. Жас мөлшері әртүрлі оқушылардан келген шығармалар еліміздегі экологиялық көріністің бүгінгі хал-ақуалын сан түрлі етіп жазыпты. Ал мұғалімдер арасындағы байқауға 64-сценарий келіп түскен. Экологиялық тақырыптағы тәрбие және ашық сабақтарының сценарилері бір-бірінен асып түсетін сияқты дейді комиссия мүшелері.
Оқушыларға шағын әңгіме (эссе) құрастыра білуге үйрету, табиғатты сақтау және оған деген қамқорлықты жас ұрпақ бойына қалыптастыру негізінде экологиялық мәселелерді шешу жолдарын іздестіруді сахналық қойылым арқылы насихаттау мақсатында өткізіліп жатқан сайыстың жеңімпаздары 4-мамыр күні салтанатты түрде марапатталатын болады.
Ал бүгін, Оспанова Клара бастаған қазылар алқасы сайысқа келіп түскен шығармалар мен сценарилерді қарауға кірісіп кетті.
Сонымен әділ-қазылар алқасында ОҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Бибігүл Ибрагимова, ОҚМУ филология факультеті, қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ. доценті Ләззат Тұрабаева, «Алтын ұя» газітінің редакторы Қызырбай Жамуров, педагогкадрларының біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының аға оқытушысы Салиха Адилбекова және Шу-Талас экология департаменті ОҚФ маманы Айжан Ажмолдаева бар.
Білікті қазылар шынайы жазылған шығарманы анықтауға уәде берді.