Бүгін орыстың белгілі ақыны А.С.Пушкинді еске алу күні

383

Александр Сергеевич Пушкин-орыстың ұлы ақыны. Осы күні, 1837 жылы 10 ақпанда Санк Петербургте ақиық ақын дүниеден өтті.

Оның өмірі мен өнерпаздық жолы азаттық, адамгершілік идеялары үшін аянбай күресу жолы болды. Сөз өнерін дәуірінің озат тілек-мақсаттарымен ұштастыра білуі оған әдебиетте тың жол табуға, бүкіл елдің, орыс халқының әдебиетін жаңа арнаға бұрып, әдебиетті жаңаша дамытып, еркендетуіне мумкіндік берді. Ол дворян отбасында туылып, балалық шағын Мәскеуде өткізген.

Абай қазақ тіліне аударып, арнайы ән шығарған «Татьянаның хаты» халық арасында өткен ғасырдың аяқ көзінде-ақ өте кең тарағаны орыс ақынының ерте кезден-ақ қазақ халқына етене жақын болып кеткенінің айқын дәлелі. ОҚПУ-нің студенті Халима Мажитова мектеп қабырғасында -ақ Пушкиннің шығармаларын жатқа айтып келген. Математика саласын таңдағанымен, әдебиетке, оның ішінде Пушкин шығармаларына көңілі жақын.

Халима Мажитова, оқырман: «Мектепте оқып жүргенімде көркем оқу шеберлігінен жарыс өткен болатын. Жүлделі 2-орынды алдым. Өзім Абайдың аударуындағы Пушкиннің барлық шығармаларын оқып шыққанмын. Балаларға арналған ертегілері де өте керемет».

Қазіргі қазақ жазушыларының ішінде Пушкинді оқымайтыны, онан үйренбейтіні жоқ. Шымкенттің қақ ортасында орналасқан Пушкин атындағы Облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына келетін оқырмандардың саны да аз емес. Қазіргі таңда – жарты миллиондық қоры бар, жыл сайын 25 мыңнан аса оқырмандарға қызмет көрсетіп, 500 мыңдай басылымдар беріледі. Кітапхана 1899 жылы А.С. Пушкиннің 100 жылдық мерекесі қарсаңында өлкетанушы М.Н.Лыкошиннің растауымен ашылған. Оқырмандар үшін кітапхана алғашында аптасына 3 рет ашылатын.

Балнұр Сәпиева, Пушкин атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының көпшілікпен іс-шаралар өткізу секторы: «Кітапханамыз биыл «жылдың ең үздік мекемесі» номинациясына ие болды. Оқырмандарымыз үшін  каталогтар, оқу залдары, ақпараттық библиографиялық бөлім жұмыс істейді».

Кітапхана бүгінгі таңда облыстағы әдістемелік, үйлестіруші және зерттеу орталығы болып табылады. Ағымдағы және негізгі библиографиялық, көрсеткіштерді басып шығару, өзекті тақырыптар бойынша семинарлар өткізу, кеңестер беру, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу осы негізгі міндеттерді кітапхана бүгінгі күнде іске асырмық.